Қаңтар оқиғасы

Жаппай тәртіпсіздіктер кезінде 343 млн теңгенің мүлкі ұрланған

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 18 шілде – Sputnik. ІІМ тергеу департаменті бастығының орынбасары Мұхтар Қожаев қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде ұрланған мүлік пен қару-жарақты тәркілеу жұмысы туралы баяндады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, қазір жаппай тәртіпсіздіктер кезінде зардап шегіп, кейін жәбірленуші болып танылған азаматтарға келтірілген шығынды қайтару жұмысы жүріп жатыр.
"Осы бағытта қабылданған шаралардың нәтижесінде азаматтар мен бизнес субъектілерінің 343 млн теңгеден астам сомаға бағаланатын ұрланған мүлкі табылып, алынды. Оның ішінде 12 автокөлік, 317 тұрмыстық техника, 189 зергерлік бұйым, 286 ұялы телефон, 550 әртүрлі киім-кешек пен 16 млн теңгеден астам ақша бар", - деді Қожаев брифингте.
Сондай-ақ ішкі істер органдары қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қару-жарақты іздеп табу жұмысын жалғастыруда.
Бүгінгі таңда барлығы 1729 қару мен 42 мың оқ-дәрі табылып, заңсыз айналымнан алынған. Қожаевтың айтуынша, тек соңғы екі аптаның ішінде 40-тан астам қару тәркіленіп, оларды жасырын сақтайтын 125 қойма жойылды.
"Өкінішке қарай, заңсыз айналымдағы ұрланған қарудың саны әлі де көп", - деді департамент бастығының орынбасары.
Айта кетері, заңсыз сақталған қаруды, оқ-дәрілер мен жарылғыштарды өз еркімен тапсырған адамдар, егер олардың әрекетінде өзге қылмыс құрамы болмаса, қылмыстық жауапкершіліктен босатылады.
Қаңтар оқиғасы
Қаңтар оқиғасы бойынша 545 адам сотталды – бас прокуратура