Тәжікстан Kazsat-3 жер серігін пайдаланады

Президент Қазақстан халқына жолдауында цифрлық индустрия қызметтерінің экспортын ұлғайту керектігін атап өткен болатын
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 18 шілде – Sputnik. Қазақстанның республикалық ғарыштық байланыс орталығы мен Тәжікстанның "Исател" компаниясы арасында "Kazsat-3" ғарыш аппаратының транспондерлік сыйымдылығын ұсыну туралы келісімшартқа қол қойылды. Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі хабарлады.
Осы құжат бойынша Тәжікстанда "Kazsat-3" жерсерігінің көмегімен шалғай жерде орналасқан елді мекендер үшін байланыс арналары ұйымдастырылады. Келісімшартқа "Республикалық ғарыштық байланыс орталығы" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Василий Леонов пен "Исател" ЖШҚ директоры Умед Тагоев қол қойды.
Ресми мәліметке сәйкес, "Исател" компаниясы "Телерадиоком" еншілес ұйымы және Тәжікстандағы байланыс операторы болып табылады. Оның Душанбе қаласында өзінің телепорты және желілік басқару станциясы бар, елдің мемлекеттік органдары мен жеке компаниялары үшін интернетке қолжетімділікті қамтамасыз етеді.
"Қазақстанның жерсеріктік байланыс жүйесі еліміздің байланыс қызметтері қажеттілігін толығымен қамтамасыз етеді. "Республикалық ғарыштық байланыс орталығы" АҚ Қырғыз Республикасына да ғарыштық байланыс өнімдерін жеткізеді. Президент Қазақстан халқына жолдауында цифрлық индустрия қызметтерінің экспортын ұлғайту керектігін атап өтті", - дейді министрлік мамандары.
Айта кетері, "Республикалық ғарыштық байланыс орталығы" АҚ цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің аэроғарыш комитетіне қарайды.