Оралға қатынайтын ұшақтар ауыстырылды - Air Astana

Бизнес-класқа билет алған жолаушылар Air Astana-ның порталы арқылы баға айырмашылығын қайтара алады
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 18 шілде – Sputnik. 1 тамыздан бастап Орал қаласына Embraer аймақтық әуелайнері ұшады.
Air Astana компаниясы өзгерістің себебін түсіндірді. Орал қаласының халықаралық әуежайында ұшақтар жүретін жол мен перронның жасанды жабындысы нашарлап кеткен. Осыған байланысты ұшақты ауыстыруға шешім қабылданды.
Embraer-де бизнес-класс болмайды. Бірақ компания эконом-класс пен премиум-эконом кластағы қызмет көрсету бизнес-кластан төмен болмайды деп отыр.
"Әуежайда ұшу-қону жиілеп кеткеннен кейін ұшақтар жүретін жол мен перронның жасанды жабындысы нашарлап кеткен. Оған түсетін салмақты азайту керек. Осыған байланысты бортты ауыстыруға шешім қабылданды", - дейді компания мамандары.
Оралға бизнес-класқа билет алған жолаушылар Air Astana-ның порталы арқылы баға айырмашылығын қайтара алады.
Ал Air Astana компаниясының Франкфуртқа және FlyArystan-ның Антальяға ұшатын рейстері Airbus-пен жасалады.