НҰР-СҰЛТАН, 18 шілде – Sputnik. Нұр-Сұлтан қаласында алкогольсіз сусындардың шамамен 19%-і ЕАЭО-ның техникалық регламентіне сәйкес келмейді, деп хабарлайды қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті.
Нұр-Сұлтан қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті 2022 жылы өнімдердің қауіпсіздігін бақылау аясында импорттық және отандық өндірістен шыққан алкогольсіз сусындардың 63 үлгісін, соның ішінде энергетикалық сусындардың 23 үлгісін сараптамаға іріктеп алды.
"Зертханалық зерттеу нәтижесі бойынша импортталатын 12 сусынның сынамасы, соның ішінде 5 энергетикалық сусынның сынамасы Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламентінің талаптарына сәйкес келмеген", - деп мәлімдеді департамент.
Сусындарда натрий бензоаты концентрациясының 1,1-ден 1,2 есеге дейін асып кеткені анықталған.
Айта кетері, натрий бензоаты – бензой қышқылының натрий тұзы, басқаша айтқанда бұл консервант – Е-211 тағам қоспасы.
Әдетте Е-211 қоспасы тамақ өнеркәсібінде синтетикалық консервант ретінде кеңінен қолданылады. Консервант бактериялардың көбеюіне, зеңнің, токсиндердің пайда болуына жол бермейді. Е-211 қоспасын өнімнің жарамдылық мерзімін ұлғайту үшін қосады.
"Алайда Е-211 консервантының шамадан тыс қолданылуы өнімнің дәміне ғана әсер етпейді, сонымен қатар адам денсаулығына қауіп төндіреді. Кейбір адамдарда натрий бензоатынан аллергия болады. Құрамына Е-211 консерванты қосылған өнімдерді С дәрумені бар өнімдермен қатар қолдануға болмайды. Өйткені натрий бензоаты мен аскорбин қышқылы өзара әрекеттескен кезде бензол пайда болады, ал ол қатерлі ісікке шалдықтыруы мүмкін", - деп ескертті департамент мамандары.
Сондай-ақ өнім қауіпсіздігіне мониторинг жүргізу барысында астанадағы дүкен сөрелерінде жарамдылық мерзімі өткен сусындардың сатылатыны анықталды.