НҰР-СҰЛТАН, 18 шілде – Sputnik. Бас прокуратура экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия жұмысының аралық қорытындысы туралы айтты.
"Ірі мөлшерде, соның ішінде шетелде қылмыстық жолмен табылған табысты заңдастыру белгілері бар резонанстық істерді тергеу – ерекше бақылауда. Бұл Қ.Сатыбалдыұлы, Г.Сатыбалды, Қ.Боранбаев, "РОП" ЖШС операторының басшылары мен тағы басқаларына қатысты істер. Қазіргі таңда тергеу органдары қолға алған шаралардың нәтижесінде 230 млрд теңге өтелді, соның ішінде шетелдік юрисдикциялардан қайтарылған ақша бар", - делінген хабарламада.
Дәлірек айтқанда, Антикор тергеп жатқан іс бойынша фигуранттар Люксембургтен 170 млн доллардан астам қаржыны өз еркімен қайтарған.
Тергеу органдары "Қазақтелеком" АҚ, "Көлік сервисі орталығы" АҚ және тағы басқаларындағы мүлік ұрлығы туралы істер бойынша 36 млрд теңгені қайтарды.
"Оператор-РОП" ісі бойынша 180 млрд теңгені жымқыруға жол берілмеді ("РОП" ЖШС шотынан "Жасыл Даму" АҚ (мемлекеттік ұйым, "Оператор РОП" ЖШС акцияларының 100%-іне ие) шотына аударылды. Оның 100 млрд теңгеге жуығы жеңілдетілген автокредит бағдарламасына бөлінді.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшылары мен қызметкерлеріне қатысты іс бойынша Гонконг пен БАӘ-ден 3 млн АҚШ долларына жуық ақша қайтарылды.
Қаржы мониторингі агенттігі Боранбаевқа қатысты істі тергеу барысында "ҚазМұнайГаз" АҚ-ға 11,3 млрд теңге өтелді.
Жамбыл облысында сеніп тапсырылған мүлікті иемдену және ысырап ету фактісі бойынша қылмыстық іс аясында "ТаразЭнергосбыт" АҚ мемлекеттік ұйымына 2,2 млрд теңге қайтарылды.
Сондай-ақ комиссия Алматының бұрынғы әкімі Виктор Храпуновтың ісі туралы да айтты.
"Бұған дейін заңға қарамастан тәркіленбеген ел аумағындағы нысандарға ревизиция жалғасуда. Бүгінгі таңда 36 нысан (коммерциялық және тұрғын үй мүлігі, жер учаскелері) анықталды. Храпуновтың Шығыс Қазақстанда орналасқан 8 жер учаскесін тәркілеу туралы атқарушы өндіріс қозғалды", - делінген хабарламада.
Комиссия күдіктілердің қылмыстық активтерін анықтау, бұғаттау және тәркілеу жұмысы жалғасатынын атап өтті.
Назарбаевтың туыстары не үшін ұсталды
Еске салсақ, биыл 13 наурызда сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қайрат Сатыбалдының ұсталғанын хабарлады. Ол "Қазақтелеком" АҚ-ның қаражатын аса ірі көлемде жымқырды деген күдікке ілінген. Сондай-ақ мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Қайрат Сатыбалды – тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі.
Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалды да қамауға алынды. Ол Универсиада-2017 нысандарын жөндеуге бөлінген ақшаны ұрлады деп айыпталып жатыр.
Ал Қайрат Боранбаев биыл 17 наурызда қамауға алынды. Ол квазимемлекеттік секторда аса ірі көлемде қаражат жымқырды деген күдікке ілінді.
Боранбаев – ірі кәсіпкер, ол Қазақстандағы, Беларусьтегі және Ресейдің бірнеше өңіріндегі McDonald's жылдам тамақтану желісінің және тағы басқа ірі компаниялардың иесі. Оның қызы Әлима 2020 жылы жазда Нұрсұлтан Назарбаевтың қайтыс болған жиені Айсұлтанға тұрмысқа шыққан.