НҰР-СҰЛТАН, 18 шілде – Sputnik. Ақтау қаласында ММА-ден халықаралық турнирден кейін полицейді итеріп жіберген ер адам қамауға алынды. Ол спорттық шараның ұйымдастырушысы болып шықты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
16 шілдеде ММА Naiza 41 х Eagle 48 халықаралық турнирі өткен болатын. Оған UFC-дің экс чемпионы Хабиб Нурмагомедов құрметті қонақ ретінде келген. Турнирден кейін жүздеген фанат танымал спортшымен суретке түскісі келген. Сол кезде бір ер адам полицейді итеріп жіберіп, спортшыны алып кеткен. Желіде осы сәттің видеосы да тарады.
Желі қолданушылары тәртіп сақшысын итерген ер адамды көріп, біраз пікір жазған. Полицейлер оны анықтады. Ол турнир ұйымдастырушыларының бірі болып шықты.
"Видеодағы адамның кім екені анықталды. Ол қалалық полиция басқармасына жеткізілді. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 434-бабы, 1 бөлігі ("Ұсақ бұзақылық") бойынша хаттама рәсімделді. Барлық материал әкімшілік сотқа жіберілді", – дейді департамент мамандары.
Айта кетері, осы тәртіпбұзушылық үшін 5 айлық есептiк көрсеткiш (15 900 теңге) мөлшерiнде айыппұл салу не он тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамаққа алу жазасы қарастырылған.
Әкімшілік сот ер адамды 10 тәулікке қамауға алуға шешім шығарды.