Балалар омбудсмені президентке үндеу жасады - оқу-ағарту министрлігі не дейді

Sputnik
АЛМАТЫ, 17 шілде – Sputnik. Оқу-ағарту министрлігінің балалардың құқықтарын қорғау комитеті бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Сайынның үндеуіне қатысты түсініктеме берді.
Аружан Сайын өзекті мәселелерді шешу үшін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауына кіре алмай жүргенін әлеуметтік желідегі парақшасында жазған болатын.
"Балалар жылында Қазақстанның барлық балаларының өмір сүру сапасын түбегейлі жақсартуға, олардың құқықтарын сақтауға бағытталған мемлекеттік реформалар жүзеге асырылуға тиіс. Менің хаттарым, талдаулар, Қазақстанда балалар құқықтарын сақтау жөніндегі статустар соңғы кезде сізге жетпейді-ау деген қорытынды жасауға мәжбүр болдым. Президент әкімшілігі бақылауындағы реформалардың бірқатары (1-11 сынып оқушыларын ыстық тамақпен, мектеп киімімен қамтамасыз ету бойынша) Балалар жылының жоспарына кірген жоқ. Қалған реформаларды жүзеге асыруда көптеген мәселелер бар", - деп жазды ол президентке жолдаған үндеуінде.
Сондай-ақ бала құқықтары жөніндегі уәкіл мемлекет басшысына жолданатын құжаттарда ақпараттың, статистиканың, деректердің дұрыс еместігін жазды. Айтуынша, бұл барлық мемлекеттік жүйенің жұмысына және Қазақстанда балалардың нақты жағдайына едәуір әсер етеді.
"Қабылданатын шараларға қарамастан балалар алдын алуға болатын көптеген мәселелер мен қиындықтарға күн сайын тап болып жатыр. Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, мен көптеген нәтижеге қол жеткізуге, барлық балалардың, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі балалардың, жетім балалардың, түрлі аурулармен сырқаттанатын балалардың құқығын қамтамасыз етуге, балалардың мүгедек болуына жол бермеу, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және күш көрсетуден қорғау, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін іс жүзіндегі іс-шараларды қабылдауға болатынына сенемін", – деді ол.
Алайда Аружан Сайынның пікірінше, жоғарыда аталған дүниелерге қол жеткізу үшін балаларға қатысты барлық мемлекеттік үдерістерді, механизмдер мен есепке алуларды айқын етіп жасау қажет. Одан бөлек, бюджеттерді тиімді жоспарлауды және атқарушы органдардың барлық жүйесінің мінсіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету керек.
Оқу-ағарту министрлігінің балалардың құқықтарын қорғау комитеті барлық мемлекеттік орган бала құқықтары жөніндегі уәкілмен үнемі өзара байланыста екенін алға тартты.
"Үкімет деңгейінде, әлеуметтік блок министрліктерінде жүйелі түрде жұмыс кеңестері өткізіледі және барлық өзекті мәселе бойынша шаралар қабылданып жатыр. Интернет желісінде құқыққа қайшы контентке қарсы іс-қимыл бойынша жаңа нормалар енгізіліп, мектеп психологтарының қызметін ретке келтіру үшін психологиялық қызметті трансформациялау жүргізіліп жатыр. Одан бөлек инклюзивті білім беру бойынша заңнамаға өзгерістер және мектептерде педагог-ассистенттердің штаты енгізілді, 1500-ден астам қызметкер ерекше балалармен жұмыс істейді. Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияларды ашу нормативі төмендетілді. Бұл мектеп психологтарының жұмыс істеуіне және ауруларды ерте анықтау үшін өңірлерде тағы 40 психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссия ашуға мүмкіндік береді. Алғаш рет ұлттық мониторингтік құрал ретінде балалардың әл-ауқатының индексі енгізілді", - деп хабарлады комитеттегілер.
Ведомство мәліметінше, биыл алғаш рет ауылдық жерлерде балаларды қауіпсіз тасымалдау үшін 515 жаңа автобус сатып алу жоспарланып отыр. Колледждерде оқу үшін гранттар саны бір жылда 45 мың орынға, ал жоғары оқу орындарында 15 мың орынға ұлғайтылды.
"Мектепте тегін ыстық тамақпен және мектеп формасымен қамтамасыз ету бойынша бастамалар кезең-кезеңімен іске асырылап жатыр. Бір жыл ішінде бастауыш сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамту 10%-ке артты. 1-11 сынып арасында жекелеген санаттағы 475 мың оқушы жергілікті бюджет есебінен бір реттік ыстық тамақпен және мектеп формасымен қамтамасыз етілді. Әлеуметтік осал азаматтар санатына кірмейтін білім алушыларды ыстық тамақпен қамту біртіндеп артып келеді", - деп атап өтті комитеттегілер.
Комитет алты өңірде 1-4-сынып және тағы екі өңірде бірінші сынып оқушылары (бұл шамамен 384 мың бала) ыстық тамақпен қамтамасыз етілгенін жазды. Жаңа оқу жылынан бастап Алматыда 1-4 сынып оқушылары ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Ведомство ақпаратына сәйкес, бүгінде 1-4 сынып оқушыларының 41%-і (607 мың) ыстық тамақпен қамтылған.
"Балалар үйлерін деинституционализациялау жұмысы жалғасып жатыр. Егер 2010 жылы 210 балалар үйі жұмыс істеп, онда 14 мың бала тәрбиеленсе, 2022 жылға қарай контингенті 4000 бала болатын 96 үй қалды. Кәсіби асырап алушы отбасылар институты заң жүзінде енгізілуде. Қосымша білім беруді дамытуға қатысты: балалар мектеп секцияларымен және үйірмелермен қамтамасыз етіліп жатыр. Жалпы саны 1500-ден астам оқушылар сарайында, көркем өнер және музыка мектептерінде, өнер мектептерінде және басқа да ұйымдарда 1,4 млн бала қамтылған. Сонымен қатар жақында балаларды қосымша секция және үйірмелермен қамтудың екі қосымша құралы іске қосылды. Яғни білім беруде мемлекеттік тапсырыс (робототехника, ғылыми, IT, тілдік курстар) пен спорттық және шығармашылық бойынша тапсырыс (ArtSport)", – деп хабарлады ведомство.
Комитет мәліметінше, Балалар жылының алты айының ішінде аймақтарда 265 нысан ашылды. Олардың қатарында аутистерге арналған оңалту орталықтары, оқушылар сарайы, қосымша білім беру орталықтары, спорт және туристік объектілер, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері бар.
Комитеттегілер балалар суициді жарты жыл ішінде көрсеткіш 38%-ке төмендегенімен шешімін таппай отырған мәселелер қатарында екенін атап өтті. Осындай ауқымды мәселелер қатарына ересектер тарапынан балаларға қатысты құқықбұзушылықтар кіреді. 2021 жылдың қорытындысы бойынша құқықбұзушылық саны 15%-ке артты.