НҰР-СҰЛТАН, 17 шілде – Sputnik. Атырауда аттракционның әткеншегі үзіліп, салдарынан төрт бала зардап шекті, деп хабарлады "Мой город" порталы.
Оқиға кеше, 16 шілде күні сағат 22:30 шамасында болды. Әткеншек кілт тоқтап, орындықтар бекітілген тіреуіш үзіліп кеткен. Салдарынан балалар төменге қарай құлады. Төрт бала бірден жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілді. Олардың ешқайсысы ауыр жарақат алмаған.
Полиция Қылмыстық кодекстің 141-бабы (балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау) бойынша тергеу жүргізуде.
Atpress.kz мәліметінше, жастар саябағындағы соңғы бір жыл бойы тоқтап тұрған "Керемет жағалау " аттракционы биыл іске қосылған.
Еске салсақ, мамыр айында Қарағандының орталық саябағында "америкалық төбешіктерге" отырған жолаушылар аттракционның жоғарғы жағында тұрып қалған еді. Адамдар рельстермен жерге түсуге мәжбүр болды.