Жамбылда қаза болған сарбаздың туыстары командирлерді қатаң жазалауды талап етті

Sputnik
АЛМАТЫ, 16 шілде – Sputnik. Жамбыл облысында сәуір айының соңында қайтыс болған 18 жастағы маңғыстаулық сарбазға қатысты тергеу аяқталды. Марқұмның туыстары тергеуге наразы. Олар қатардағы жауынгерді ғана емес, бөлім командирлерін де жазалауды талап етеді, деп хабарлады КТК телеарнасы.
Айтуларынша, сот-медициналық сараптама Әлібек Қалбайдың бірі кісінің ғана қолынан ажал құшпағанын дәлелдепті. Қара жамылған отбасының Әлібектен айырылғандарына 2 жарым ай болды, сол уақыттан бері олар әділдік іздеуде. Жас сарбаздың өліміне қатысты тергеу ісі кеше ғана аяқталғанымен, оған көңілдері толмайды. Тергеу ары қарай сотқа жолданды.
"Айболат Аманжоловқа қатысты қылмыстық із қозғалып, ары қалай сотқа жолданады. Біз жалпы тергеу ісіне көңіліміз толмайды. Себебі, біздің пікірімізше, бұл жерде тек Айболат қана кінәлі емес. Екі ай бұрын үстінен қылмыстық іс қозғалған лауазымды тұлғалар: офицерлер, сержанттар ше? Тергеудің қазіргі кезде қандай деңгейде екені туралы тергеуші бізге түсініктеме беруден бас тартып отыр", – дейді қайтыс болған сарбаздың туысы Рысгүл Төлегенова.
Әлібек Қалбай ант қабылдап үлгерместен, әскерге кеткеннен кейін төртінші күні қайтыс болды. Денесінде көптеген жарақат болғаны анықталды.
Бас әскери прокуратура Гвардейский әскери бөліміне қатысты қылмыстық істің аяқталғанын растады. Ал қамаудағы сарбаздан бөлек, өзге офицерлерге тек лауазымынан босату жазасы берілген. Қазіргі уақытта істің материалдарын сот зерттеуде.
"Курсант Қалыбайдың қайтыс болуы бойынша қатардағы жауынгер Аманжоловқа қатысты қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 440-бабының 4-ші бөлімімен аяқталып отыр. Күдікті Аманжолов сот санкциясымен қамауда. Бұрынғы командирі және бөлімше командирі өз лауазымынан босатылған. Сондай-ақ орынбасары мен басқа лауазымды тұлғалар тәртіптік жазаға тартылған", – деп хабарлады бас әскери прокурордың аға көмекшісі Еркін Қожахмет.