АЛМАТЫ, 16 шілде – Sputnik. Қазақстан премьер-министрінің орынбасары, қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Алматы облысына қарасты Балқаш ауданының тұрғындарымен кездесу өткізді, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Кездесуде Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев пен Балқаш ауданының әкімі Ғалым Тоқпейісов есеп берді.
Күн тәртібінде жаңа жұмыс орындарын құру, кредит беру арқылы шағын және орта бизнес субъектілерін мемлекеттік қолдау шаралары, сондай-ақ халықтың табысын арттыру бағдарламасы мәселелері қаралды.
Кездесу барысында 2022 жылдың 6 айында өңдеу өнеркәсібінің көлемі 5,8%-ке, жалпы ішкі өнім 3,4%-ке, құрылыс 9,2%-ке, сауда мен көлік салалары 6,2%-ке ұлғайғаны айтылды.
"Осыжылы өңірлердің дамуына республикалық бюджеттен 5,5 триллион теңге бөлінді. Бұл жалпы шығындардың 30%-ін құрайды. Қазіргі уақытта жергілікті бюджеттердің кіріс базасы нығайтылуда. Бұл ретте, шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығын жергілікті деңгейге беру оң әсер етеді", – деп хабарлады қаржы министрлігінің баспасөз қызметі.
Ведомство мәліметінше, "Ауыл – ел бесігі" жобасын іске асыруға 128 миллиардтеңге бөлініп, олар 580 ауылда 1 100 жобаны іске асыруға бағытталды.
Сондай-ақ "Дипломмен ауылға" бағдарламасын іске асыру шеңберінде 4,3 мың маманға тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік кредиттер беруге 20 миллиардтеңге бөлінді. Осы кешенді жоспарлар шеңберінде 170 мыңнан астам жұмыс орны енгізіледі деп жоспарлануда.
"Мемлекет басшысының "Жаңа Қазақстан" тұжырымдамасы адал бәсекелестікті күшейту, жеке меншікті қорғау, экономиканы монополиядан арылту арқылы еліміздің жаңа экономикалық бағытын іске асыруға бағытталған. Осы шаралардың барлығы саяси тұрақтылықты, бизнестің мүдделері мен құқықтарын қорғау жүйесін айтарлықтай нығайтады, барлық қазақстандық үшін кең экономикалық мүмкіндіктер туғызады", - деп атап өтті министр.
Кездесу соңында Ерұлан Жұмабаев Алматы облысы тұрғындарының сұрақтарына жауап беріп, баспасөз конференциясына қатысты.