Мұхамедиұлы ісі: Антикор 1,2 млрд теңге жымқырылғанын мәлімдеді

Антикор Ұлттық музей басшылығына қатысты қылмыстық істі тергеп-тексеруді жалғастырып жатыр
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 16 шілде — Sputnik. Cыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Ұлттық музейде жүргізілген жұмыстардың құны 1,2 млрд теңгеге негізсіз ұлғайтылғанын мәлімдеді.
Нұр-Cұлтан қаласы бойынша Cыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 2017-2018 жылдары "Ақпараттық ресурстарда объектілерді танымал ету үшін жалпыұлттық тізбеге енгізілген объектілердің 3D модельдерін құру" жобасын іске асыру кезінде Ұлттық музей басшылығына және басқа да тұлғаларға қатысты аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқыру бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде.
Ұлттық музей мердігер ұйымдарға аталған жоба аясында атқарылған жұмыстар үшін 1,3 млрд теңге төледі.
Ал жүргізілген сараптамалық зерттеу жұмыстарының нақты құны 83,4 млн теңгені құрағаны анықталды.
Осылайша, жұмыс құны 1,2 млрд теңгеге негізсіз ұлғайтылып, мемлекетке аса ірі мөлшерде залал келтірді.
Тергеп-тексеру амалдары жалғасып жатыр.
Өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етуге жатпайды.
Айта кетсек, Ұлттық музей басшысы және бұрынғы мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы екі айға қамауға алынды. Ол 2019 жылдың шілдесінде музей директоры болған еді. Бұған дейін бес жыл мәдениет министрлігін басқарды.