НҰР-СҰЛТАН, 15 шілде – Sputnik. Орал тұрғыны интернеттен қант аламын деп миллион теңгесінен айырылды.
Қант тапшылығы мен бағаның күрт өсуі алаяқтардың оң жанбасыан келіп тұр. Интернетті ашсаңыз, қант сатамын деген жарнамадан көз сүрінеді. Келісін бар-жоғы 200 теңгеге сататындар да табылады, деп хабарлады "Астана" арнасы.
Полицейлердің айтуынша, қант алаяқтарын анықтау оңай емес. Олар мұқият жасырынады немесе мүлдем басқа елде болады дейді. Соңғы уақытта Оралда қант сатқан белгісіз адамның үстінен бірнеше адам арыз түсірген. Барлығы қант аламын алданып қалған.
"Облысымыздың 1993 жылы туған азаматы 60 қап қант әперемін деп Орал тұрғынынан 1 миллион теңге көлемінде ақша алған. Тағы бір тұрғынды 320 мың теңгеге алдаған. Қазіргі уақытта ол адамның басқа да қылмыстарға қатысы бар екені анықталды", - дейді БҚО ПД баспасөз қызметкері Лунара Аманғалиева.
Қазақстан Қылмыстық кодексінің 190-бабы (алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті қамауға алынды.
Кейбір жарнамаларда қанттың бір келісі 330 теңге деп жазылған. Олар өнімді Ресейден жеткізіп отырғанын жариялаған. Ал құзырлылар, жарнаманы тексермей, ақша салмауға шақырды.