Экономика

Энергетика министрі жол битумының тапшылығы қалай жойылатынын айтты

Техникалық тұрғыдан отандық битум өндірушілердің өндірісті 300 мың тоннаға арттыру мүмкіндігі бар, дейді министр
Sputnik
АЛМАТЫ, 15 шілде — Sputnik. Битум тапшылығын жою үшін оның өндірісі ұлғайтылады. Ал құрылыс материалдарын маусымдар бойынша сатып алу үшін бірыңғай өнім берушіні – "Қазавтожол" компаниясын айқындау есебінен біркелкі бөлінетін болады. Бұл туралы энергетика министрі Болат Ақшолақов үкімет отырысында мәлімдеді.
"Техникалық тұрғыдан отандық битум өндірушілердің өндірісті 300 мың тоннаға арттыру мүмкіндігі бар. Нәтижесінде жыл сайынғы жиынтық қуаты жылына 1,2 – 1,3 млн тоннаны құрайтын болады. Бұл ішкі нарықтың қажеттілігін толық өтейді. Тапшылық битумның біркелкі іріктелмеуінен туындайды. Атап айтқанда, қысқы-көктемгі кезеңде битум өндіруге өтінімдер іс жүзінде келіп түспейді. "Қазавтожол" атынан битум сатып алу үшін бірыңғай жеткізушіні анықтау ұсынылады", - деп түсіндірді Болат Ақшолақов.
Сондай-ақ энергетика министрі өз сөзінде дизель отынына сараланған бағаларды белгілеудің бірнеше нұсқасы қарастырылып жатқанын атап өтті.
"Мәселен, отынның шығу тегіне байланысты және тұтыну субъектілері бойынша саралау тәсілдері зерделенетін болады. Бұдан басқа шекара маңы аймақтарында орналасқан автожанармай құю станциялары үшін сараланған бағаларды белгілеу нұсқалары, сондай-ақ импорттық дизель отынын орташа өлшемді баға бойынша сату қарастырылатын болады",- деген Болат Ақшолақов тиісті шешім жақын арада премьер-министрге енгізілетінін айтты.
Бұдан басқа газ жобалары үшін салықтық босату түрінде реттеуші және фискалдық преференциялар көзделеді. Олар газ кен орындарын шамамен 93,6 млрд.м3 көлемінде газдың жиынтық қорымен игеруді және 2030 жылға қарай жылына 6,7 млрд.м3 көлемінде тауарлық газды қосымша өндіруді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Ол үшін жыл соңына дейін қабылданатын заңнамалық өзгерістер пакеті дайындалды, деп атап өтті министр.