НҰР-СҰЛТАН, 14 шілде – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің қымбатшылыққа қарсы күресі тиімсіз екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Президент қазір инфляцияның шарықтап кетуі ең күрделі мәселе болып отырғанын атап өтті. Бағаның өсуіне азық-түлік инфляциясы әсер еткен. Оның деңгейі 19,2 пайызға жетті. Жалпы, азық-түліктің кейбір түрі бірден 80 пайызға қымбаттады.
"Үкіметтің бағаны тұрақтандыруға бағытталған шаралары тиімсіз болып шықты. Үкімет инфляцияны ескі әдіс-тәсілмен тоқтатқысы келеді. Оның өзінде бюджеттен қосымша қаражат бөліп, бағаны жасанды түрде ғана реттеп отыр. Яғни, қымбатшылықтың себебімен емес, салдарымен күрес жүріп жатыр", - деді Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Ол шын мәнінде, бәрі керісінше болуы керек екенін айтты. Тоқаев үкіметті бар жауапкершілікті өңірлерге артып қойғаны үшін сынады.
"Олар әкімшілік ресурсты пайдаланып, дүкендерді аралап жүр, басқа тәсілдер және жаңа идеялар жоқ. Мұндай жұмыс ешқашан тиімді болған емес. Бір сөзбен айтқанда, нарық заңдылығына сай келетін жаңа ұстаным жоқ", - деді президент.
Бұл ретте мемлекет басшысы екі жыл бұрын көтерме-бөлу орталықтары желісі бар Ұлттық тауар өткізу жүйесін іске қосуды тапсырғанын еске салды.
"Бірақ үкімет бұл тапсырманың орындалуын ұзаққа созып жіберді. Жоспарлар пен мәлімдемелер қағаз жүзінде қалды. Ірі кәсіпкерлермен МЖС схемасы бойынша көтерме-бөлу орталықтары құрылысының жобалары сол күйі жүзеге асқан жоқ", - деді ол.
Осыған байланысты Тоқаев үкіметке қазан айында осы салада атқарылған жұмыс бойынша баяндауды және мүдделі инвесторларды тартуды тапсырды.