НҰР-СҰЛТАН, 14 шілде – Sputnik. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов ай сайынғы жалақысы 2 млн теңгеден асатынын мәлімдеді.
Оның айтуынша, барлық өңірлік әкімнің базалық еңбекақысы бірдей. Қосымша ақы еңбек өтілі үшін қосылады.
"Әлеуметтік желіде мені тағы да сынайсыздар, бірақ менің еңбек өтілім 48 жылды құрайды. Мемлекеттік қызметте жүргеніме 33 жыл болды. Мен өз өмірбаянымды айтпай-ақ қояйын, дегенмен басқа әріптестеріммен салыстырғанда, әжептәуір үлкен өндірістік базамен келдім. Сол себепті менің жалақым екі миллион теңгеден асады", - деді Ахметов орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Журналистер одан облыс тұрғындары айына қанша жалақы алатынын сұрады. Ахметов шығысқазақстандықтардың орташа айлығы 262 мың теңге екенін атап өтті.
Даниал Ахметов Шығыс Қазақстан облысын 2014 жылдың қарашасынан бері басқарады.
2019 жылғы 17 маусымда осы лауазымға қайта тағайындалды.
2022 жылғы 11 маусымда президент Даниал Ахметовтің қызметтік өкілеттігін бір жылға ұзартты.