Атырау облысында пойыз жеңіл көлікпен соқтығысты

Бір адам қаза тапты – құтқарушылар 1968 жылы туған ер адамның денесін шығарды. 1999 жылы туған көлік жүргізушісі жарақат алды
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 14 шілде – Sputnik. Атырау облысы Мақат елді мекенінен 20 шақырым жердегі темір жол өткелінде пойыз автокөлікпен соқтығысты. Бір адам қаза болды, деп хабарлады "Мой город" басылымы.
Атырау облысы төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жол апаты 13 шілде күні сағат 11:45-те болған. Мақат-Қарауылкелді учаскесінде Мақат стансасының басқарылатын теміржол өткелінде жүк пойызы мен Lada Granta соқтығысты.
Оқиғаға "Қазақстан темір жолы" компаниясы да түсініктеме берді. Жол апаты өткел сигнализациясы дұрыс жұмыс істеп тұрған кезде болған.
"Жүк пойызының машинисі өтіп бара жатқан пойызға жақын жерде темір жол өткеліне шығып кеткен автокөлікті көріп, шұғыл тежегішті басқан. Пойыз 45 км/сағ жылдамдықпен келе жатқан. Оқиғаның мән-жайын "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ комиссиясы анықтайды. Алдын ала мәлімет бойынша жол-көлік оқиғасына көлік жүргізушінің жол қозғалысы ережесін бұзуы себеп болған", - деп хабарлады ҚТЖ.
Еске салайық, 11 шілдеде Қостанай облысындағы Тобыл-Құсмұрын учаскесінің Притобольская стансасының реттелетін теміржол өткелінде адам өліміне әкеп соқтырған апат болды.