Өңірлер

Көкшетауда 50 мың доллар пара алды деген күдікпен жоғары лауазымды полицей ұсталды

Ол бұл ақшаға қылмыстық істі жабуға уәде берген
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 13 шілде – Sputnik. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Көкшетау қаласы полиция басқармасының лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
Полицейлер басқа органның іс жүргізуінде жатқан қылмыстық істі тоқтату үшін кәсіпкерден 50 мың доллар пара алған.
"Осы жылы 8 шілдеде жүргізілген жедел-тергеу шаралары нәтижесінде ҚПК-нің 128-бабы тәртібінде Көкшетау қаласы полиция басқармасы бастығының орынбасары ұсталды", - деп мәлімдеді Антикор.
Қалалық тергеу соты күдіктіге қатысты "қамауда ұстау" түрінде бұлтартпау шарасын санкциялады.
Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Өзге ақпарат жария етілмейді.