НҰР-СҰЛТАН, 13 шілде – Sputnik. Елорда әуежайының ұшу-қону жолағын жөндеуге 280 млн теңге жұмсалады. Бұл туралы брифингте "Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы" АҚ басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары Ерғазы Жолдасов мәлімдеді.
"Біз 300 миллион теңгеге тендер жарияладық, жөндеу сомасын 280 миллионға келістік. Бұл ағымдағы жөндеу", - деді Жолдасов.
Әуежай ұшу-қону жолағын өз қаражаты есебінен жөндейді.
Аэродромды жөндеу
© Sputnik / Владислав Воднев
Айтуынша, жөндеу жұмыстары жазғы уақытта жүргізіледі, өйткені асфальт ыстық болуға тиіс. Елорданың ауа райын ескерсек, күзде жөндеу жүргізуге мүмкіндік жоқ.
Айта кетері, жөндеу жұмыстары 15 шілде мен 8 тамыз аралығында сағат 11.00-ден 18.00-ге дейін жүргізіледі. Осыған байланысты 20 рейстің кестесі өзгереді.