Бүгін Джо Байденнің өміріндегі ең негізгі және өзінің саяси қызметіндегі шешуші сапары басталады. Америкалық президент Израиль мен Иордан өзенінің Батыс жағалауына барады да, сапарын Сауд Арабиясындағы кездесумен тәмамдайды, деп жазды РИА Новости.
Сауд Арабиясында Эр-Риядпен ғана емес, Парсы шығанағындағы араб мемлекеттері ынтымақтастық кеңесінің басқа алты елімен, сондай-ақ Мысыр, Ирак және Иорданияның шақырылған көшбасшыларымен келіссөз өтеді. Таяу Шығыстағы бұл сапар аймақтың алдағы жылдардағы, тіпті ондаған жылдардағы тағдырын анықтап, жаһандық үдерістердің дамуына әсер етеді.
АҚШ бүгінде жанармай бағасының қымбаттауынан туындаған рекордтық инфляцияны бастан кешіріп жатыр. Ал қарапайым америкалықтар мұның барлығына Ресей президенті Путин кінәлі екеніне сенуді қойды. Сонымен қатар, америкалық дауыс берушілер Жоғарғы соттың "Роу мен Уэйд" ісі бойынша қаулының күшін жою туралы шешіміне наразылық білдірді. Бұл қаулы 40 жыл бойы түсік тастау мәселесін штаттар билігінің құзыретіне қалдырып, оны әр америкалықтың конституциялық құқығы ретінде қарастырып келді.
Осыған байланысты Байденді қоғамдық қолдау рейтингі 30 процентке төмендеді. Сол себепті демократтардың биылғы қарашада өтетін конгресс сайлауында ғана емес, алдағы президент сайлауында да жеңіске жетуі екіталай болып тұр.
Жағдайды түзету үшін АҚШ президенті жақында ғана оқшауланған мемлекетке айдарамын деп уәде еткен елге – Сауд Арабиясына белгілі бір өтінішпен баруға мәжбүр.
"Сауд Арабиясының мұрагер ханзадасы Мұхаммед бин Салман уақытты босқа өткізбей, бұл іссапарға дайындалды. Маусымның соңында ол суннит әлемі үшін негізгі саналатын елдер – Мысыр мен Түркияға барып қайтты. Бұқараға кездесулер экономикалық ынтымақтастық мәселелеріне арналды дегенмен, өңірдегі көшбасшылар өз ұстанымдарын талқылағаны анық.
Байден үшін аса маңызды оқиғаның қарсаңында оның турынан кейін Ресей президенті Владимир Путин "Астана форматындағы" саммит аясында Тегеранда Режеп Тайып Ердоғанмен келіссөз жүргізетіні белгілі болды.
Әрине, Сирия бойынша келіссөздің мұндай жоғары деңгейін Түркияның сол аймақта – елдің солтүстігінде күрд құрылымдарына қарсы тағы бір арнайы операция жүргізу жоспары себеп деп айтуға болады. Иракта да осындай операция үш айға жуық уақыттан бері жалғасып жатыр. Дамаск мұндай қадамды өзінің егемендігін бұзу деп санағанмен, ақиқатында ол бұл аумақты бақылап отырған жоқ. Оны күрдтердің өзін-өзі қорғау жасақтары жетекшілік ететін "Сирия демократиялық күштері" басқарады. Олар Асадтан кең автономия талап етіп отыр. Анкара өз кезегінде Сирияның солтүстігінде 30 километрге созылатын қауіпсіздік аймағын құрғысы келеді.
Анкараның бұл жоспарына Мәскеу де, Вашингтон да қарсы екенін аңғару қиын емес. АҚШ-тың көзқарасын өзгерту үшін Ердоған Швеция мен Финляндияның НАТО-ға қосылуына қарсылығын біршама бәсеңдетті. Ал скандинавиялық демократтар Түркияға күрдтерді экстрадициялауды мақұлдады. Бірақ Стокгольм мен Хельсинки Анкараның талаптарына келіскенмен, альянс саммиті аяқталғаннан кейін ешқандай экстрадициялау туралы сөз болмағанын мәлімдеді. Меморандумда азаматтарды табыстау мәселесі мұқият қаралатыны жазылған, бірақ бұл барлық мәселе қанағаттандырылады деген сөз емес. Сондықтан Анкараның НАТО-ға жаңа мүшелерді қабылдауға берген келісімі Швеция мен Финляндия блок құрамына кірді дегенді білдірмейді. Шешімді алдымен парламентте ратификациялау қажет.
Түркияның НАТО-ға мүше екеніне қарамастан, соңғы кездері Мәскеу мен Анкараның қарым-қатынасы белсенді дамып жатыр. Түркия блоктағы ынтымақтастықты ысырып, көбіне антиресейлік санкцияларға қосылудан бас тартады және ол тәуелсіз саясат жжүргізеді. Бірақ Киевке пилотсыз ұшатын техника жөнелтуді де доғармай отыр.
"Мәскеу мен Анкараның қарым-қатынасында екі державаның жақындығы мен мақсат-жоспарларына байланысты қақтығыс әлеуеті тым үлкен. Батысқа интеграцияланудың жалғасуы Түркияны Ресеймен текетіреске тарту қаупін туғызады, ал Ердоғанның бүкіл түркі халқын қамтитын Ұлы Тұран құру туралы идеялары Ресейдің егемендігіне тікелей қауіп төндіреді. Бірақ тікелей қақтығыс ықтималдылығы әлі алыс және мұндай сценарий екі тарап үшін де өте жағымсыз салдарға әкеледі", - деп жазды автор.
Мақала авторының айтуынша, Ресей мен Түркияның ынтымақтастық орнату кеңістігі тым ауқымды: экономикалық аспектілерді есепке алмаса да, Таяу Шығыстағы тұрақтылық пен келісім екі ел үшін де аса маңызды. Сондықтан алдағы келіссөз тек Сирия мәселесіне ғана қатысты болады деп пайымдау қате.
Нақты не мәселе талқыланатынын түсіну үшін аймақты тұтастай қарау керек.
Таяу Шығыстағы "араб-израиль" қақтығысынан кейінгі екінші маңызды бөлініс Сауд Арабиясы мен Иран арасындағы текетірес деп санауға болады. Сунниттер мен шииттер арасындағы ескі діни қайшылықтар саяси проблемалармен қатар өршіп жатыр: 2016 жылы елдер дипломатиялық қарым-қатынастарын тағы үзді, бірақ 2021 жылдан бастап диалогты қалпына келтіру мүмкіндіктері туындады.
Ал Ресей аймақтағы елдер арасындағы тұрақты қарым-қатынасқа ең алдымен өзінің қауіпсіздігі үшін мүдделі. Өйткені тұрақсыз Таяу Шығыста басқа да діни экстремистік ұйымдар туындау қаупі әрқашан жоғары болады.