Еуро соңғы 20 жылда алғаш рет доллармен теңесті. Оған Еуропа орталық банкінің рекордтық инфляцияға қатысты баяу әрекет етуі де әсер етіп жатыр. Сарапшылардың болжауынша, ресейлік энергетикалық ресурстарды жеткізудің қысқаруы Еуроодақ үшін ұзақ рецессияға әкеледі. Оның үстіне еуро резервтік валюта мәртебесін жоғалту қаупі бар, деп жазды РИА Новости.
2008 жылғы дағдарыс кезінде де еуро доллардан 1,6 есе қымбат болды. Ал қазір тепе-теңдік орнады.
Сарапшылар АҚШ-тың Федералдық резерв жүйесі (ФРЖ) мен Еуропалық орталық банктің (ЕОБ) саясатында айырмашылық көп екенін айтты. Инфляцияның үдеуіне байланысты америкалық реттеуіш мекеме биылғы жылы базалық мөлшерлемені үш рет көтеріп, 1,5-1,75 процентке жеткізді. Еуропада бұл көрсеткіш әлі де теріс – минус 0,5. Еуропалық орталық банк экономикаға өтімділікті тартуды жалғастыра отырып, ақша-кредит саясатын қатаңдатуға асығар емес. Федералдық резерв жүйесі керісінше агрессивті әрекетке көшіп, бұл еуроға үлкен қысым жасап отыр.
Нәтижесінде АҚШ қазынашылық облигацияларының кірістілігі Еуропадағы қарыз міндеттемелерінен жоғары болып тұр. "АҚШ экономикасы басқа елдердің көпшілігіне қарағанда жақсырақ. Бұған қоса, қорғаныс активі ретінде долларға сұраныс артып келеді. Геосаяси шиеленістерге, жаһандық жалпы ішкі өнімнің баяулауына, энергетикалық және азық-түлік дағдарысы қаупінің артуына байланысты әдетте осылай болады", - дейді TeleTrade ақпараттық-талдау орталығының бас экономисі Марк Гойхман.
Ресей мұнайы мен газына салынған эмбарго салдарынан энергия тапшылығынан Еуропа басқалардан көп зардап шегіп отыр.
Маусымда еуроаймақтағы жылдық инфляция 8,5 проценттен асты – статистикалық есептеулер тарихындағы рекордтық көрсеткіш. Негізгі үлес энергия тарифтеріне тиісті – 42%-ке жуық өсім. Өнімдер – 8,9, өнеркәсіптік тауарлар – 4,3. Баға әсіресе көмірсутектерге тәуелді Балтық жағалауы елдерінде қатты қымбаттады.
Жанар-жағармай мен ауыл шаруашылығы шикізатының қымбаттауы өңір экономикасына залал келтіріп жатыр.
"Еуро бағамының құлдырауы энергетикалық дағдарыс жағдайында еуроаймақтағы жақын арада рецессия туындау қаупінен үдей түсті. Сонымен қатар, Еурпалық орталық банктің әрекетсіздігі нарықтағыларды ұзақ позицияларды жабуға мәжбүрледі", - деп түсіндіреді BitRiver қаржы аналитигі Владислав Антонов.
АҚШ-қа қарағанда Еуропа үшін әлдеқайда қатты сезілетін санкциялар мен логистикалық проблемалар да жағдайды ушықтырып тұр. Мұнай мен газ бағасының өсуінен туындаған рекордтық сауда тапшылығы да әсер етіп тұр.
Сарапшылар еуроның долларға қатысты одан әрі әлсіреуін және тіпті бұл тепе-теңдік төмендейтінін болжап отыр. Еуроны сатып алудың пайдасы – оның арзандығында. Ал жағымсыз тұсы – инвестициялаудың күрделілігі. Сарапшылар тату емес елдердің валютасын сатып алу қауіп тудыратынын ескертті. Жаңа санкциялар пайда болуы мүмкін. Сонымен қатар, банктер есепшоттарға қызмет көрсету үшін комиссиялық алым алады. Еуроодақ және Еуропалық орталық банктің әлсіз ақша-кредит саясаты тап болған бұл қиындықтар әлі ұзақ уақыт бойы еуропалық экономика мен валютаға кері әсер етуді жалғастырады.
ФРЖ мөлшерлемелерін арттыру кезеңі аяқталып, Еуропалық орталық банктің ақша-кредит саясатын қатаңдатуға көшкенде ғана жағдай өзгереді. Бірақ ең бастысы – мұнай мен газ бағасы тұрақталуы керек.
Бұл арада бір мегаватт/сағат үшін эстониялықтар қазірдің өзінде 400 еуро төлеп отыр. Немістер – 300, француздар – қазан-желтоқсан фьючерстері бойынша 800-ге жуық еуро төледі. Қазіргі төтенше жағдайда еуропалықтар "жасыл экономика" жоспарларынан бас тартуға мәжбүр. Олар "лас" деп аталған отынды, оның ішінде көмірді қайта қолданып жатыр.
Энергетикалық лобби де бірте-бірте Ресейге қарсы санкциялардың барлық зиянын сезінуде. Атап айтқанда,
Австрияның Сауда палатасының президенті Харальд Марер Ресейге қарсы санкцияларға негізделген мұндай саясатты "жете ойластырылмаған және зиянды" деп атады. Оның айтуынша, еуропалық бюрократтар ол үшін қандай қымбатшылық болатыны туралы халықты хабардар етуді ұмытып кеткен.
Әсіресе көгілдір отынның бағасы тым қымбат болып тұр. Үш айда ICE биржасында тамыз фьючерстері 77,7 процентке өсті. Оның басты себебі – Ресейден келетін жеткізілімдердің азаюы.
"Еуропаға бағытталған бес бағдардың ішінде жалғыз "Солтүстік ағын" жұмыс істеп тұр. Оның өзі небәрі үштен бір қуатта іске қосылған. OPAL құбырының поляк аумағындағы бөлігі, "Түрік ағыны", украиндердің газ-көлік жүйесі арқылы ең төмен мөлшер айдалып жатыр. Ал "Ямал – Еуропа" Ресейдің қарсы санкцияларының ықпалында тұр", - дейді AMarkets талдау департаментінің жетекшісі Артем Деев.
Еуропаның америкалық сұйылтылған табиғи газға қатысты үміті ақталмады: танкерлер жеткіліксіз. Себебі танкерлер ұзақ уақытқа басқа бағыттарға, негізінен Азияға қарай бағытталады.
"Еуропадағы жер асты газ қоймалары 60 проценттен аз деңгейде толтырылған. Регламент 1 қарашаға дейін 80 процентті талап етеді. Мұны орындау қиынға соғады. Ол орындалмаса, Еуроодақтағы көгілдір отын ақпанға дейін таусылады", - деп ескертті сарапшы.
Сарапшылар Еуропада көгілдір отын бағасы одан әрі өседі және соның салдарынан коммуналдық қызмет тарифтері мен азық-түлік бағасы да шарықтайды деген болжам жасады.