АЛМАТЫ, 12 шілде – Sputnik. Автомобиль жолдарының сапасын арттыруға байланысты мемлекет басшысының тапсырмасына орай Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бірқатар кешенді шараларды даярлады, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Саладағы бақылауды күшейту мақсатында қолға алынған жұмыстар ішінде профильдік нормативтік актілердің маңызын жетілдіруге де жете назар аударылып отыр.
Көлік саласына қатысты жаңа заң жобасы даярланды. Ол "Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" арқылы елді мекендердегі жол жөндеу жұмыстарына міндетті сараптама жүргізуді қарастырады. Ұлттық сапа орталығы сараптама барысында жөндеу жұмыстарының тиісті нормаларға сәйкестігіне байланысты қорытынды шығарады.
"Бүгінде жолды пайдалануға бергеннен кейін техникалық қадағалау мен жобаны жүзеге асырған мекеме қате шешімдері мен ақаулар үшін жауапкершілікке тартылмайды. Осы олқылықтың алдын алатын заң жобасы парламент мәжілісінің қарауында", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ министрлік автомобиль жолдары саласындағы 1200-ге жуық нормативтік-құқықтық актінің маңызын арттыруды қолға алды. Олар мекеменің атқаратын жұмысын реттеп, бақылау сапасын күшейтеді. Құжаттарға жол жөндеу жұмыстарына халықаралық тәжірибе мен технологияларды және заманауи материалдарды қолдану сынды бірқатар өзгеріс енгізу қарастырылуда.
Қосымша ынталандыру шарасы ретінде министрлік жолдардың сапасына байланысты әкімдердің рейтингін анықтау әдістемесін даярлап жатыр. Ол 2022 жылдың аяғына дейін бекітілмек.
Айта кетері, ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 157 мың шақырым. Оның ішінде 25 мың шақырым республикалық маңызы бар жол желісі болса, 71 мың шақырым жергілікті маңызы бар жолдар санатына кіреді.
Ал елді мекендердегі жолдардың ұзындығы 61 мың шақырым. Қазіргі қолданыстағы заңға сәйкес, республикалық маңызы бар жолдарға индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен "ҚазақАвтоЖол" ҰК" тікелей жауапты.
Ал жергілікті маңызы бар жолдар мен елді мекен арасындағы жолдар жергілікті атқарушы органдардың құзіретінде.