"AMANAT" партиясының жастар қанаты "Жастар Рухы" болып өзгерді

Sputnik
АЛМАТЫ, 12 шілде – Sputnik. Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бейнежазба арқылы "AMANAT" жастар қанатының кезектен тыс VI cъезіне қатысушы делегаттарға құттықтау сөз арнап, ел жастарына арнайы үндеу жолдады, деп хабарлады Sputnik Қазақстан.
"AMANAT" партиясының баспасөз қызметінің мәліметінше, съезд барысында жастар қанатын трансформациялаудың жаңа бағдарламасы қабылданды. Одан бөлек орталық кеңестің құрамы мен жастар ұйымының атауы өзгертілді.
Пленарлық отырыс барысында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "AMANAT" партиясы жастар қанатының кезектен тыс VI съезінің делегаттарына арнайы үндеу жолдады.
Президент Жаңа Қазақстанның жастары айрықша түсінуге тиіс үш маңызды бағытты атады. Олар – терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет.
"Біріншіден, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар елді алға бастайды, болашақтың кілті – цифрлық технология мен инновацияда. Сондықтан бірнеше тіл біліп, түрлі кәсіп игеру жастардың қолынан келеді", – деп атап өтті президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, еліміз бәсекеге қабілетті болуы қажет. Халқымыздың әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсарту керек.
Мемлекет басшысының айтуынша, білімді әрі білікті өрендер ғана биік мақсатқа жете алады. Елге тірек болу – әрбір жастың мұраты. Ел жастардан тың бастамалар және озық идеялар күтеді.
"Екіншіден, жастар адал еңбекті бағалап, рухы биік, санасы сергек болуға тиіс. Жаңа заманның жақсы қасиеттерін бойға сіңіре отырып, жаһанданудың жағымсыз әсерлерін де естен шығармау керек. Мемлекеттік мүдде бәрінен биік тұруы керек", - деген президент әрбір жасты ана тілін, ата дәстүрін, төл тарихын білуге үндеді.
Үшіншіден, отаншылдық қасиет туралы мемлекет басшысы әркім қоғам алдындағы жауапкершілігін терең сезіну керек екенін, туған елге құрмет жалынды сөзден емес, жасампаз істен көрінетінін, алдына мақсат қойған азамат нағыз мемлекетшіл тұлғаға айналатынын ерекше атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, аға буынның жастарға зор үміт артатынын, оны жастардың ақтайтынына сенім білдіріп, съезд жұмысына табыс тіледі.
Сондай-ақ съезд барысында ЕУРО-2022-дің үздік бомбардиріне айналған "Қайрат" футбол клубының шабуылшысы Біржан Оразов жастардың партияның жастар қанатын "Жастар Рухы" деп өзгерту туралы ұсынысын білдірді. Бұл шешімді барлық делегат қолдады.
Одан бөлек медиа волонтер Диас Камериданов, Ақтөбеден келген әскери қызметші Ұлан Мырзабай, Алматыдан келген волонтер Ариана Белобжицкая, Озерное ауылының информатика пәнінің мұғалімі Асыл Ахметова, қоғам қайраткері Дәулет Мұқаев, тележүргізуші Мақсат Толықбай және тағы басқалар сөз сөйледі.
Айта кетері, Ақмола облысының Зеренді ауылында өтіп жатқан съездің пленарлық отырысына еліміздің барлық өңірінен 350-ден астам делегат пен қонақ қатысты.