НҰР-СҰЛТАН, 12 шілде – Sputnik. Алматыда химиялық заттан уланған төрт бала ауруханаға түсті. Бұл ақпаратты қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі растады.
"2022 жылдың 11 шілдесінде химиялық заттан улану белгілерімен 4 бала Шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына жатқызылды. Олар орталықтың токсикология бөлімінде ем қабылдап жатыр", - деп хабарлады Sputnik Қазақстанға қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Балалардың жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр.
Бірқатар БАҚ-та жарияланған бейресми мәліметке сәйкес, балалар жарысқа қатысу үшін Алматыға келіп, қонақүйлердің біріне тоқтаған. Қонақ үйде жәндіктерге қарсы өңдеу шаралары жүргізілген.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бұл жағдайға қатысты түсінік беруден бас тартты.
Sputnik Қазақстан түсініктеме алу үшін Алматы полиция департаментіне де хабарласты.