Алматыда балалар уланды: полиция қылмыстық іс қозғады

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 12 шілде – Sputnik. Алматы полициясы балалардың химиялық заттан улану дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады.
"Аталған дерек Қазақстан Қылмыстық кодексінің 306-бабы бойынша Медеу аудандық полиция басқармасында тіркелді. Қажетті тергеу шаралары жүргізіліп, нәтижесінде мән-жай анықталып, процессуалдық шешім қабылданады", - деді Алматы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек.
Қылмыстық кодекстің 306-бабы (Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау немесе қызметтер көрсету) бойынша қарастырылған ең ауыр жаза – бес жылға дейін бас бостандығынан айыру.
Еске сала кетейік, Алматыда химиялық заттан уланған төрт бала ауруханаға түсті. Бұл ақпаратты қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі растады.
"2022 жылдың 11 шілдесінде химиялық заттан улану белгілерімен 4 бала Шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына жатқызылды. Олар орталықтың токсикология бөлімінде ем қабылдап жатыр", - деп хабарлады Sputnik Қазақстанға қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Балалардың жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр.
Бірқатар БАҚ-та жарияланған бейресми мәліметке сәйкес, балалар жарысқа қатысу үшін Алматыға келіп, қонақүйлердің біріне тоқтаған. Қонақ үйде жәндіктерге қарсы өңдеу шаралары жүргізілген.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бұл жағдайға қатысты түсінік беруден бас тартты.