Тоқаев Елена Рыбакинаны "Достық" орденімен марапаттады

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 11 шілде – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Уимблдон жеңімпазы Елена Рыбакинаны марапаттады.
"Мемлекет басшысының жарлығымен спорттағы аса үздік жетістіктері және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігінің "Спортты дамыту дирекциясы" РМҚК спортшы-нұсқаушысы Елена Андреевна Рыбакина ІІ дәрежелі "Достық" орденімен марапатталды", - деп хабарлады Ақорда.
Елена Рыбакина 1999 жылы 17 маусымда Мәскеуде дүниеге келген. Бала кезінен спортпен айналысқан. 6 жасында әкесі оны үлкен теннис секциясына апарды. Ленаға дәл осы спорт түрі ұнаған.
2013 жылы Рыбакина ITF жасөспірімдер турнирінде алғашқы дебютін жасады. 2019 жылдың басында спортшы азаматтығын ауыстырып, Қазақстан құрамасына қабылданды.
Сол жылы Бухарестте өткен WTA турнирінде жеңіске жетіп, әлемдік рейтингтің 39-шы сатысына көтерілді.
Елена Рыбакина 23 жасында Уимблдонның жеңімпазы атанды.