НҰР-СҰЛТАН, 11 шілде – Sputnik. Қостанай облысында теміржол өткелінде жол апаты болды, деп хабарлайды Қазақстан темір жолы компаниясының баспасөз қызметі.
Оқиға бүгін, 11 шілдеде сағат 14:35-те Қостанай облысының Тобыл - Құсмұрын учаскесіндегі Притобольская станциясының реттелетін теміржол өткелінде болды.
"Куәгерлердің айтуынша, "Жигули" маркалы көлік жүргізушісі алдында тұрған автокөліктерді айналып өтіп, жүк пойызы келе жатқанда темір жолға шығып кеткен. Апат салдарынан зардап шеккендер бар", - делінген хабарламада.
Оқиға орнында полиция жұмыс істеп жатыр. Пойыз сағатына 57 км жылдамдықпен жүріп келе жатқан.
ҚТЖ теміржол өткеліндегі белгі беру құрылғысы дұрыс жұмыс істеп тұрғанын атап өтті.
Оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтау үшін комиссия құрылды.