НҰР-СҰЛТАН, 11 шілде – Sputnik. Полиция 15 адамнан құралған қылмыстық топты ұстады. Күдіктілер – Қазақстан мен Ресей азаматтары. Оларға интернет алаяқтықпен айналысты деген айып тағылды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Маусым айында пәтерін сатқан Алматы тұрғыны алаяқтарға алданып қалды. Жәбірленуші 23 млн теңгесін бірнеше траншпен алаяқтардың шотына аударған. Сан соғып қалған әйел 24 маусымда құқық қорғау органдарына шағымданды.
Бұл факті бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-тармағы "Аса ірі мөлшердегі алаяқтық" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Дәл сол күні тергеліп жатқан іс аясында ІІМ криминалды полиция департаменті мен Алматы полиция департаментінің тәжірибелі қызметкерлерінен арнайы жедел тергеу тобы құрылды. Жедел іздестіру және тергеу шаралары барысында 10 банк картасы алаяқтық әрекет үшін пайдаланылғаны анықталды. Карталар елдің әртүрлі қаласында тұратын жалған тұлғаларға рәсімделген.
ІІМ киберқылмысқа қарсы күрес бөлімшесінің жедел уәкілдері Павлодар облысы мен Алматыдағы әріптестерімен бірлесіп, 15 адамнан құралған қылмыстық топты ұстады. Күдіктілер Қазақстан мен Ресей азаматтары. Қылмыстық топқа жүйелі түрде интернет алаяқтықпен айналысты деген айып тағылды. Бес адамға қатысты "қамауда ұстау" түрінде бұлтартпау шарасы таңдалды.
Қазіргі таңда топ мүшелерінің алты эпизодқа қатысы бары анықталды. Шығын сомасы 106 млн теңгеден асады.