АЛМАТЫ, 11 шілде – Sputnik. Оралда үшінші қабаттың терезесінен 5 жасар бала құлап кетті.
Жазатайым оқиға 11 шілде күні сағат 11.00 шамасында С.Есқалиев көшесі 227-мекенжайында орналасқан бес қабатты үйде болды, деп жазды "Мой город" порталы.
БҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 5 жастағы бала ата-анасының қарауынсыз қалып, үшінші қабаттан құлап кеткен. Бала тез арада ауруханаға жеткізілді.
Дәрігерлер баланың жағдайы орташа екенін, жабық бас сүйек жарақатын алып, миы шайқалғанын айтты.
БҚО ТЖД демалыс кезінде балалар көбінесе үйде ересектердің қарауынсыз қалатынын атап өтті.
"Құлауға бейім негізгі топ – бір жастан жеті жасқа дейінгі балалар. Құтқарушылар Орал тұрғындарына балаларды қараусыз қалдырмауға, жиһазды терезенің алдына қоймауға, қандай жағдай болмасын москит торына сенбеуге және терезеге арнайы бекіткіштер орнатуға кеңес береді", – деді ведомство.
Еске сала кетейік, бұған дейін Оралда тоқ соққан екі ер адамның жансақтау бөліміне түсіп, оның біреуі қайтыс болғанын жазған болатынбыз. Қазіргі кезде бұл оқиға бойынша комиссия тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.