НҰР-СҰЛТАН, 11 шілде – Sputnik. Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі электронды еңбек биржасынан алған жарты жылдағы мәліметтерді қорытты.
Мына мамандық иелері ең жоғары жалақы күтеді: өндірісті дайындау бойынша инженердің көмекшілері – 5 млн теңге, дыбыс режиссерлері – 2,1 млн теңге, инвестициялық жобалар бойынша директорлар – 1,9 млн теңге және гуманитарлық ғылымдар саласындағы ЖОО профессорлары – 1,8 млн теңге.
"Электронды еңбек биржасында ұсынылған ең жоғары ақы төленетін бос жұмыс орындары – риэлторлар (орта есеппен 900 мың теңге), бас құрылысшылар (824 мың теңге) және объективті бақылау жөніндегі инженерлер (800 мың теңге)", - деп атап өтті еңбек министрлігі.
Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша қазақстандық онлайн еңбек нарығында жұмыс берушілердің белсенділігі артып келеді. Жыл басымен салыстырғанда бос лауазымдар саны 1,8 есеге артты. Ал жұмыс іздеушілер арасында белсенділіктің төмендеуі байқалады, түйіндеме саны жыл басынан бері 14,6%-ке, 70,2 мыңнан 59,9 мыңға дейін төмендеген.
Бос орындардың басым бөлігін ауыл шаруашылығы (10,8 мың бос орын), тұрғын емес үй-жайлар және тұрғын үй объектілерін салу (9,8 мың бос орын), білім беру (6,6 мың бос орын) және өзге де қызметтер (5,8 мың бос орын) секторларының кәсіпорындары жариялаған.
Бұл ретте ауыл шаруашылығы саласында орналастырылған бос орындардың жартысына жуығы (47%) Жамбыл облысына, ал Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарында – тұрғын үй құрылысы саласында тиісінше 33,7% және 35% келді. Елордада құрылыс саласындағы жұмысшыларға жоғары сұраныс сақталды, яғни бос орындардың үштен бірі құрылыс саласына тиесілі.
Біліктілігі төмен қызметкерлерге сұраныс 23,4 мыңнан 50,7 мыңға дейін 2 еседен астам өсті. Оның бір себебі – ауыл шаруашылығындағы маусымдық жұмыстарға жұмысшыларды тарту.
"Соңғы айларда қосалқы жұмысшыларға, күзетшілерге, жүргізушілерге, санитарларға, мұғалімдерге, дәрігерлер мен медбикелерге деген сұраныс жоғары", - деді "Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" АҚ басқарушы директоры Александра Молчановская.
Біліктілігі жоқ жұмысшылармен қатар ең қажетті мамандықтарға, мысалы, Ақтөбе облысында күзетшілер, жүргізушілер, аспаздар, электромонтерлар және сырлаушылар, Қарағанды облысында – күзетшілер, тәрбиешілер, мұғалімдер, электргазбен дәнекерлеушілер, май құю станцияларының операторлары және ас үй жұмысшылары жатады.