АЛМАТЫ, 11 шілде – Sputnik. Атырау облысында әлеуметтік нысандардың құрылысына бөлінген 467 миллион теңге бюджет қаражатын жымқырған мекеме басшыларының ісі сотқа жолданды, деп хабарлады Қазақстан қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметі.
"Қаржы мониторингі агенттігі Атырау облысы бойынша департаментінің өкілдері әлеуметтік нысандардың, мектеп, 2 отбасылық дәрігерлік амбулатория, спорттық-сауықтыру кешені құрылысына бөлінген аса ірі мөлшердегі бюджет қаражатын жымқыру дерегімен "Атырау облысы құрылыс басқармасы" мемлекеттік мекемесінің лауазымды тұлғалары мен "Техника-Рем строй" ЖШС-ның басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын аяқтап, іс сотқа жолданды", – делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, жымқырылған ақша көлемі – 467 млн теңге. ЖШС-ның басшысына қатысты "күзетпен ұстау" бұлтартпау шарасы қолданылды.
Серіктекстіктің 79 миллион теңге көлеміндегі мүлкіне тыйым салынды. Ал Атырау облысы құрылыс басқармасы басшысының бұрынғы орынбасарына және тағы бір тапсырыс берушіге қатысты "үйқамақта ұстау" бұлтартпау шарасы қолданылды.