КӨКШЕТАУ, 11 шілде – Sputnik. Ақмола облысының полицейлері инкассаторларға қарақшылық шабуыл жасағандарды ұстады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қылмыс Шортанды ауданындағы Бозайғыр ауылында жасалған.
Төлем қабылдауға арналған терминалдарға қызмет көрсететін екі инкассаторды тонап кетті.
"Бозайғыр ауылында сағат 12.00 шамасында терминалдан ақша алғаннан кейін, белгісіз ер адам инкассатор көлігінің артқы жолаушылар орындығына отырып алған. Ол медициналық маска таққан. Қаскүнем оларды тапаншаға ұқсас затпен қорқытып, көлікті ауылдың шетіне айдауға мәжбүрлеп, 14 миллион теңгені тартып алған", - деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Аталған факті бойынша полицейлер Қылмыстық кодекстің 182-бабы (Қарақшылық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады.
Бір тәулік ішінде екі күдікті анықталып, ұсталды.
"Олар 27 және 24 жастағы Қосшы қаласының тұрғындары болып шықты. Сондай-ақ ұсталғандардың бұрын осы инкассаторлық фирмада жұмыс істегені белгілі болды", - деп нақтылады баспасөз қызметі.
Тергеу барысында күдіктілер ұрланған ақшаны қайда жасырғанын айтып берді. Кейінірек ақша Тайтөбе ауылының аумағында Нұра өзенінің жағасынан табылды.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде, қылмысқа басқа тұлғалардың қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.