Өңірлер

Түркістанда жас жігіттер ойыншық тапаншамен ойын клубын тонап кетті

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 10 шілде – Sputnik. Түркістан полициясы ойын клубына қарақшылық шабуыл жасаған екі ер адамды ұстады.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратынша, 7 шілде күні сағат 4.58 шамасында облыс орталығында орналасқан ойын клубының кассирі 102 пультіне хабарласқан. Жәбірленуші жас қыздың айтуынша, бетперде киген белгісіз адамдар ойын клубына қарақшылық шабуыл жасаған.
"Бетперде киген екі адам белгісіз қаруларымен нысанға баса-көктеп кіріп, талаптарды орындамаған жағдайда күш көрсетеміз деп қорқыта бастаған. Содан кейін жас жігіттер касса жәшігін бұзып, 350 мың теңгені алып кетіп, ізін суытқан", - дейді Түркістан облысы полиция департаменті басшысының орынбасары Құрманбек Сахов.
Бұл факті Қылмыстық кодекстің 192-бабы 2-бөлігі – "Қарақшылық" бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіміне енгізілді.
Арнайы құрылған жедел-тергеу тобы жақын аймақты тінту және куәгерлерден жауап алу, сондай-ақ бейнебақылау камераларын зерттеу арқылы екі күн ішінде облыс орталығының екі тұрғынын анықтап, ұстады. Тергеу барысында жас жігіттер қылмыс жасағанын мойындап, ұрланған ақшаны өз қажеттіліктеріне жаратқанын мәлімдеді.
Белгілі болғандай, күдіктілердің бірі қаладағы базардан ойыншық тапанша сатып алып, қылмысты жасағаннан кейін оны дәретханаға лақтырып жіберген. Ойыншық тапанша айғақ ретінде тәркіленді.
Сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Күдіктілер қамауға алынды.