НҰР-СҰЛТАН, 9 шілде – Sputnik. Маңғыстау облысында заңсыз қоқыс тастайтындарды бақылау күшейтілді. Бұл туралы Маңғыстау облысының қоғамдық коммуникациялар орталығы хабарлады.
Жергілікті полиция басқармасы басшысының міндетін атқарушы Білімғали Сұлтанов тарихи маңызды орындарды қоқыспен ластағандарға қатаң түрде айыппұл салынатынын айтты.
"Шілдедегі аптап ыстық өңірдегі қоқыс проблемасын ушықтырып жіберді. Экология зардап шегіп жатыр, одан адамдардың өзіне де залал келіп жатыр. Сондықтан жаз маусымында тазалыққа бей-жай қарайтындарды ерекше бақылауға алуға тура келіп тұр. Жыл басынан бері табиғатты қорғау полициясы 6 мың адамға айыппұл салған. Бұл жұмыс күшейтіле береді. Қоршаған ортаға жанашырлық танытпайтын адамдарға бұлай жалғаса бермейтінін түсіндіруіміз керек", - деді Білімғали Сұлтанов.
Оның айтуынша, бүгінде қоршаған ортаны ластағаны үшін 24 миллион 925 мың теңге айыппұл салынған. Бұл соманың жартысы төленді және қалған қаражат та жақын уақытта өндіріледі, деп жазады lada.kz.
Ол экологтармен бірлесіп жиырмаға жуық рейд жүргізілгенін айтты. Оның барысында аумақты ластаған, көк желектерді зақымдаған немесе вандализм жасағандарға айыппұл салынды.
2021 жылы облыста 103 заңсыз қоқыс орны табылған.