Елорда тынысы

Талдыкөлде күзде саябақтың құрылысы басталады – Көлгінов

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 8 шілде – Sputnik. Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов Кіші Талдыкөлде саябақ құрылысы алдағы күзде басталатынын хабарлады.
Әкім Кіші Талдыкөлдің құрғатылған жеріне экосаябақ салу жоспарланып отырғанын айтты. Бұл мақсатқа қаржы бөлініп, қазір жоба әзірленіп жатыр.
Көлгінов қала әкімшілігінің жоспарында Кіші Талдыкөлдің екі жағалауын қосу жұмыстары бар екенін мәлімдеді, өйткені мұнда су жаңбыр кәріздері арқылы келеді.
"Бұл жұмысты атқармасақ, су буланып кетеді.Тіпті үлкен Талдыкөл көлінде 5 жыл бұрын 57 миллион текше метр су болса, қазір 8 миллион текше метрге жетпейді. Осы суды сақтау үшін оны толтырып отыруымыз керек. Бас жоспарда жобаны бекіттік, күзде жасыл желек отырғызуды бастаймыз", - деді Көлгінов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында.
Еске сала кетейік, экобелсенділер бірнеше жылдан бері әкімдіктің рұқсатымен көміп тасталған Кіші Талдыкөл көлі үшін күрес жүргізіп келеді.
Елорда әкімдігінің мәліметінше, су қоймасында Кіші Талдыкөл сулы-батпақты нысанын сақтап қалуға мүмкіндік беретін түпті тереңдету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әйтпесе ол бірнеше жыл ішінде толығымен кеуіп кетеді, мұнда су табиғи түрде тартылып жатыр.
Жергілікті билік Кіші Талдыкөлдегі су балансын сақтап, толықтыра отырып, рекреациялық аймақ құру бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге уәде берді. Ал белсенділер көл маңында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары оның экожүйесін бұзып жатқанын алға тартып отыр. Кейінірек Нұр-Сұлтан қалалық соты Кіші Талдыкөлдің бірқатар учаскесіндегі құрылыс жұмыстарын тоқтатып қойғаны туралы хабарланды.