НҰР-СҰЛТАН, 7 шілде – Sputnik. Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев биылғы негізгі ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы туралы баяндады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Айтуынша, былтыр 756 түлек ҰБТ-ға тыйым салынған заттарды алып өтуге тырысса, биыл мұндай 327 жағдай тіркелді.
"Тестілеу кезінде ереже бұзғаны үшін 322 адам аудиториядан шығарылып, нәтижелері жойылды. Көрсеткіштер 4 есеге төмендеген, себебі 2021 жылы аудиториядан 1305 адам шығарылған болатын", - деді Емелбаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен бапсасөз мәслихатында.
Тестілеу орталығы барлық бейнежазбаға 31 желтоқсонға дейін талдау жасайды. Егер тыйым салынған заттарды пайдалану фактілері анықталса, талапкер білім грантынан айырылады.
Айта кетері, бұл норма 2020 жылы алғаш рет қолданылған еді. 2020 жылы бейнежазбаларды қайта қарау нәтижесінде 152 тестіленушінің, 2021 жылы 52 адамның нәтижесі жойылды.
"Постпрокторинг нәтижесі бойынша қазіргі таңда 15 адамның нәтижесі жойылды. 200-ден астам талапкердің нәтижесі тексеріс үстінде", - деді тестілеу орталығының басшысы.
Биыл тестілеу алғаш рет "1 компьютер – 2 камера – 1 тестіленуші" қағидасы бойынша өткізілді. Негізгі камерадан басқа, тестіленушінің дыбысын жазу және қозғалысын тіркеу үшін алдыңғы веб-камера орнатылады. Фронталды веб-камера талапкердің жеке басын сәйкестендіруге және ҰБТ кезінде бөгде адамдардың кіруін болдырмауға мүмкіндік береді.
"Қабылданған шаралар арқасында қаңтар, наурыз және негізгі ҰБТ қорытындылары бойынша бөгде адамдарды кіргізуге тырысудың тек бір фактісі ғана тіркелді. ҰБТ-ның үшінші аптасында түлек өзінің орнына ағасын жіберген. ҰБТ-ға кіргізу барысында Face-ID жеке басын сәйкестендіру жүйесі оның бөгде адам екенін анықтады. Тиісті іс-шаралар қабылданды", - деді Емелбаев.
Еске салсақ, былтыр мұндай 18 жағдай анықталған еді.
Емелбаев биыл ҰБТ штаттық режимде және қандай да бір форс-мажорсыз өткенін атап өтті.