НҰР-СҰЛТАН, 7 шілде – Sputnik. Қызылжар қорымында қазба жұмыстарын жүргізу кезінде археологтар екі мыңнан астам жыл бұрын өмір сүрген көшпенді жауынгер әйелдің сүйегіне тап болды. Бұл туралы жергілікті otyrar.kz порталы хабарлады.
Сүйегі табылған әйел қарапайым халықтан емес, даңқты отбасынан шыққаны белгілі болды. Өйткені оның мүрдесінің жанынан керамика ғана емес, сондай-ақ қару мен бағалы сәндік бұйымдар табылды.
Қайтыс болған әйелдің мәйітімен қару-жарақты бірге көму жағдайы бұл өңірде алғаш рет анықталып отыр. Қабірден садақ, сирек кездесетін жебе ұштары, қанжар табылған. Жауынгер қаруды ғана емес, сонымен қатар алтын жалатылған әшекей бұйымдарды да жақсы көрген.
"Қорғанның диаметрі 22-25 метрге жетеді. Қорғанның көлемі де адамның мәртебесін анықтайды. Яғни, бұл әйел танымал, шағын көшпенділер тобының жетекшісі болған секілді", - дейді археолог Александр Подушкин.
Арада 2 мың жылдан астам уақыт өткеніне қарамастан, табылған заттар жақсы сақталған. Профессор Александр Подушкиннің айтуынша, жауынгер әйел қайтыс болған кезде шамамен 50 жаста болған. Болжам бойынша ол сармат тайпасынан шыққан.
"Оңтүстік Қазақстан аумағы сарматтардың этникалық аумағы болып саналмайды. Дегенмен қолда бар материалдар ежелгі халықтың бұл тобы, яғни азиялық сарматтар деп аталатын сармат тобының Оңтүстік Қазақстан аумағында тіршілік еткенін растайды. Бұл маңызды ғылыми сенімді ақпарат", - дейді Александр Подушкин.
Артефактілер жақын уақытта музейге тапсырылады.