Теңіздегі жарылыс: дәрігерлер жұмысшылардың жағдайы туралы айтты

Мереке күні кен орнында жарылыс болып, қылмыстық іс қозғалды
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 6 шілде – Sputnik. Қазақстандағы ең ірі Теңіз кен орнындағы жарылыс салдарынан бес жұмысшы зардап шекті. Олардың екеуі қайтыс болды.
Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлағандай, қаза тапқандардың бірі оқиға орнында, екіншісі кен орнындағы "ТШО клиникасы" емдеу мекемесінде көз жұмды.
"Үшінші зардап шеккен азамат "Теңізшевройл" ЖШС-ға тиесілі ұшақпен облыстық ауруханаға жеткізілді. Қазір дәрігерлер науқасты тексеріп жатыр. Зардап шеккен төртінші жұмысшы Жылой аудандық ауруханасына жеткізілді. Ол жамбас буынының жабық жарақатын алған. Жағдайы орташа. Бесінші зардап шеккен жұмысшыға "ТШО клиникасы" медициналық мекемесінің қызметкерлері психологиялық көмек көрсетіп жатыр", - деп хабарлады облыстық басқармада.
Еске салсақ, 6 шілдеде сағат 10:30 шамасында Теңіз кен орнында жарылыс болды. Кен орнында атмосфералық газ бар құбырда гидросынақ жүргізілген.
Құбыр қысымға шыдай алмай жарылып кеткен. ТШО қаза болғандар мен зардап шеккендер "Сенімді Құрылыс" серіктестігінде жұмыс істегенін хабарлады. 156-баптың 3-бөлігі "Абайсызда адам өліміне әкеп соққан еңбекті қорғау ережелерін бұзу" бойынша қылмыстық іс қозғалды.