Қызылордада ірі бұршақ жауды

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 6 шілде – Sputnik. Қызылорда облысының бір бөлігінде ірі бұршақ жауып, бау-бақшалар мен саяжайларға зақым келді.
"Түнгі сағат үште ірі бұршақ жауа бастады, көлемі өріктей, – дейді Сырдария ауданы Тереңөзек ауылының тұрғыны Ирина Жиганова. –Он бес минуттай жауды. Бау-бақшадан дым қалмады. Қызанақ түптері ғана тұр".
Саяжайларда да бұршақ жауған.
"Бір леппен жауып өтті, – дейді саяжай иесі Самат Ысқақов. – Сауранбайда (саяжай атауы – автор) біреудің тауығы қырылып, біреудің өрігі түгелдей түсіп қалған. Ал биыл өнім жақсы еді".
Бұршақ жауғаннан кейін кей жерлерде жарық өшіп қалған. Онсыз да тозығы жеткен электр желілері табиғат апатына төтеп бере алмаса керек.
"Қызылордада үнемі осы жағдай! – дейді облыс тұрғыны Азамат Қандасов. – Жауын, жел, ыстық немесе қар жауса, бірден жарық өшіп қалады".