НҰР-СҰЛТАН, 6 шілде – Sputnik. Беларусь президенті Александр Лукашенко Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевты телефон арқылы туған күнімен құттықтап, онымен посткеңестік елдердегі жағдайды талқылады, деп хабарлады Беларусь басшысының баспасөз қызметі.
"Беларусь президенті Александр Лукашенко Нұрсұлтан Назарбаевты туған күнімен құттықтады. Кеше беларусь лидері Қазақстанның тұңғыш президентіне жеделхат жолдап, бүгін телефон арқылы сөйлесті. Александр Лукашенко мен Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі жағдайды – Қазақстан мен Беларусь және посткеңестік кеңістіктегі елдер төңірегіндегі ахуалды талқылады", - деп жазылған баспасөз қызметінің хабарламасында.
Назарбаев Беларусь орналасқан аймақтағы жағдайға қызығушылық танытқаны айтылған.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, құттықтау жеделхатында Лукашенко Назарбаевқа денсаулық, амандық, ұзақ және бақытты ғұмыр тілеген.
"Сіздің есіміңіз тәуелсіз Қазақстанның ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық қайта түрленуімен, оның халықаралық аренада елеулі табыстарға қол жеткізген заманауи мемлекет ретінде қалыптасуымен тығыз байланысты", - деп жазылған хатта.