Ресей соты Каспий құбыр консорциумының жұмысын тоқтатты: компания мәлімдеме жасады

Қазір консорциум Новороссийск сотының шешімін орындауды тоқтата тұруды сұрап отыр
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 6 шілде – Sputnik. Каспий құбыр консорциумы (КҚК) компанияның жұмысын тоқтату туралы Новороссийск сотының шешімін орындауды 30 күнге тежеу туралы өтініш бергенін, өйткені мұндай әрекет өндіріске ауыр салдар мен зардаптар әкелуі мүмкін екенін айтты.
6 шілдеде Каспий құбыр консорциумы экологиялық заң бұзушылықтар анықталғаннан кейін Новороссийск соты компанияның жұмысын 30 күнге тоқтату туралы шешім қабылдағанын және компания бұл шешімге қарсы шағымданатынын хабарлады.
"КҚК-Р" АҚ Новороссийск қаласының Приморск аудандық сотына 5-1188/2022 ісі бойынша "КҚК-Р" АҚ қызметін әкімшілік негізде уақытша тоқтату туралы судьяның 2022 жылғы 5 шілдедегі қаулысын орындауды тоқтата тұру туралы талапарыз жолдады", - деп хабарлады компаниядағылар.
Компания қаулыға қатысты шағымды қарау нәтижесі бойынша шығарылатын сот актісі заңды күшіне енгенге дейін уақыт беруді сұраған.
КҚК пікірінше, компанияның жұмысын күрт тоқтату "өндіріс процесі үшін реттелмейтін салдарға, техникалық нысанда қолайсыз және басқарылмайтын процестің туындауына және өршуіне, оның ішінде оның бұзылуына" әкелуі мүмкін. Себебі мұнайды тасымалдауға қойылатын талаптар аяқ асты және бір уақытта тоқтатуға мүмкіндік бермейді.
Сонымен қатар заң өндіріс процесі үшін қайтымсыз зардаптарға әкелуі мүмкін шараларды қолдануға жол бермейді.
"Жұмысты күрт тоқтатқан жағдайда аталған келеңсіз салдардың туындау ықтималдылығы "КҚК-Р" АҚ-ға судьяның қаулысын орындауды тоқтата тұру туралы талапарыз ұсынуға мүмкіндік береді", - деп түсіндірді консорциумдегілер.
Еске салсақ, Новороссийскінің Приморский аудандық соты Ространснадзор анықтаған заңбұзушылықтарды жою үшін Каспий құбыр консорциумының (КҚК) қызметін 30 күнге тоқтатқан болатын.
Ространснадзордың Оңтүстік УГРН-ы Приморский аудандық сотына консорциум қызметін 90 күнге тоқтата тұру туралы өтінішпен жүгінген. Сот Ространснадзордың талаптарын ішінара қанағаттандырды. "КҚК-Р" АҚ қызметін 30 тәулікке әкімшілік тоқтата тұру түрінде жаза тағайындалды.
Каспий құбыр консорциумы "сот шешімін орындауға мәжбүр", алайда оның үстінен шағым түсіруге ниетті. Консорциумның баспасөз қызметі уақытша тоқтату мерзіміне қатысты түсініктеме беруден бас тартты.
КҚК – қазақстандық мұнай үшін негізгі экспорттық бағыт, оған құбыр арқылы айдалатын көлемнің 80%-тен астамы тиесілі. Құбыр желісінің қуаттылығы – жылына 67 миллион тонна мұнай.