АЛМАТЫ, 5 шілде – Sputnik. Павлодардың екі тұрғыны жалған шот-фактура шығару арқылы мемлекетке 2 миллиард теңге шығын келтірген. Бұл туралы Қазақстанның қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.
Ведомствоның Павлодар облысы бойынша департаментінің қызметкерлері шот-фактураларды заңсыз жазып беру фактілерінің жолын кесті.
"Тергеу барысында В.Легин мен С. Рыжаков жалған тұлғаларға ресімделген 13 компания құрғаны анықталды. Содан кейін материалдық пайда табу мақсатында 2019 жылдан бастап 2021 жылға дейінгі кезеңде осы компаниялардың атынан бірқатар заңды тұлғаларға жалпы сомасы 6,5 миллиард теңгеге жалған шот-фактуралар жазып берген", – делінген хабарламада.
Айта кетері, Легин мен Рыжаковтың қылмыстық іс-әрекеттерінің салдарынан мемлекетке төленбеген салықтар түрінде 2 миллиард теңгеден астам залал келтірілді.
Сот екеуін де кінәлі деп тауып, 2 жыл 9 айға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ Легиннен 13 миллион теңгеден астам ақша тәркілеу туралы үкім шығарды.