Отбасы туралы мәліметтерге eGov Mobile арқылы түзету енгізуге болады

Sputnik
АЛМАТЫ, 5 шілде – Sputnik. Қазақстандықтар отбасы туралы мәліметтерге eGov Mobile қосымшасы арқылы түзету енгізе алады. Жаңа сервис туу, неке қию және некені бұзу, бала асырап алу, әкелікті анықтау, аты-жөнін өзгерту (өзі үшін), қайтыс болу туралы деректерді өзектендіруге мүмкіндік береді, деп хабарлады "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ.
Мысалы, балалардың тууы туралы актілік жазбаны тексеру кезінде бала туралы деректер (тегі, аты, әкесінің аты, ұлты, туған күні, анасы мен әкесі туралы деректер) ұсынылған бөлімдерде жазба дұрыс көрсетілмеген жағдайда, құжаттардың сканерленген көшірмелерін қоса отырып, мәліметтерді өзектендіруге мүмкіндік бар.
Ұқсас сервис eGov.kz порталында қолжетімді. Қызмет іске қосылған сәттен бастап 83 мыңнан астам адам өз деректерін жаңартты.
"Мемлекеттік қызметтерді алу кезінде отбасы туралы қате мәліметтер анықталуы мүмкін. Мысалы, баласы туралы ақпарат көрсетілмейді немесе керісінше, бөтен баланың ақпараты шығып тұрады. Мұндай жағдайларда АХАЖ ақпараттық жүйесінде деректерді өзектендіру қажет. Мұны енді мекемеге бармай-ақ eGov.kz арқылы өзгертуге болады. Бұл сервис eGov mobile мобильдік қосымшасында да қолжетімді", - деп атап өтті ҰАТ басқарма төрағасы Ростислав Коняшкин.
Бұл үшін алдымен eGov Mobile қосымшасын жүктеп, ашасыз:
"Қызметтер" түймесін таңдайсыз;
қызметтер тізімінен "Туу, неке және қайтыс болу" – "мәліметтерді өзектендіру" АХАЖ АЖ табыңыз;
акт жазбасының түрін таңдау;
"іздеу" түймесін басыңыз;
Егер деректер көрсетілмесе, "мәліметтерді өзектендіру" батырмасын басу қажет (егер деректер көрсетілсе, "өзекті мәліметтер" батырмасын басу қажет);
әрі қарай қызметке қол қойыңыз.
АХАЖ ақпараттық жүйесінің мәліметтерін жаңартқаннан кейін мәртебе бетінде тиісті ақпарат пайда болады.