Әмиян тауып алған: Нұр-Сұлтанның екі тұрғыны алаяқтарға алданып қалды

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 5 шілде – Sputnik. Нұр-Сұлтанның екі тұрғыны алаяқтарға алданып қалды, деп хабарлады Polisia.kz.
Екі жағдайда да алаяқтар рөлді мұқият бөлісіп алып, бірдей схема бойынша жұмыс істеген. Олар құрбандарын банктен шыққандардың арасынан, сондай-ақ жалғыз жүрген әйелдерді таңдаған.
Күндізгі уақытта Республика даңғылындағы алаңға жақын жерден алаяқтың бірі әмиян тауып алған кейіп танытқан, ал жәбірленуші дәл сол кезде өтіп бара жатып, сол жағдайға куә болған. Содан кейін күдікті әмиянды жерден көтеріп, әйелден "сіздікі ме" деп сұрайды. Әмиянның ешкімге тиесілі емес екенін анықтағаннан кейін алаяқ ішіндегісін бөлісуді ұсынған.
Осы кезде оның серіктесі әмиянның иесімін деп жақындап келіп, заттың оған тиесілі екенін және оған көп ақша салынғанын айтқан. Осылайша ол ұрлық жасадыңдар деп айыптап, әйелге тиесілі барлық ақшаны көрсетуді талап еткен.
Жәбірленуші өзінің 600 мың теңгесін шығарып, әмиянды иесіне қайтарып, кінәлі емес екенін дәлелдеген. Алайда әйел өз қаражатын қайта есептей келе, қаскүнемнің 274 500 теңгені қолды еткенін білген.
Тағы бір осындай жағдайда келтірілген шығын 920 000 теңгені құраған. Жәбірленуші елордалық банк бөлімшелерінің бірінен шыққан. Ол да ақшасының азайып қалғанын үйіне келгенде ғана білген.
Елорданың полиция қызметкерлері мұқият жүргізілген жедел іс-шаралар барысында күдіктілерді ұстады. Олар Алматы облысының 58 жастағы тумасы және сотталған 44 жастағы ер адам болып шықты.
Қазіргі уақытта Қазақстан Қылмыстық кодексінің 190-бабы "Алаяқтық" бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Ұсталғандар Нұр-Сұлтан қаласы ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды, олардың бұрын жасалған қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.