Әлем

Ресей 15 шілдеден бастап шекарадағы барлық ковидтік шектеуді алып тастайды

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 4 шілде – Sputnik. Ресей 15 шілдеден бастап шекарада коронавирусқа байланысты енгізілген барлық шектеуді алып тастайды. Бұл туралы РИА Новости коронавирус инфекциясының таралуына қарсы күрес жөніндегі жедел штабқа сілтеме жасап хабарлады.
14 маусымнан бастап әуе және теңіз өткізу бекеттері арқылы шетелдіктердің Ресейге кіруіне шектеу алынды. Бірақ жер үсті көлікпен кіруге бірқатар шектеу сол күйі қалған еді.
"Талқылау қорытындысы бойынша жедел штаб 2022 жылғы 15 шілдеден бастап үкіметтің 2020 жылғы 16 наурыздағы және 2020 жылғы 27 наурыздағы өкімдерімен бекітілген, індетке байланысты Ресей Федерациясының мемлекеттік шекарасын кесіп өтуге қатысты уақытша шектеулерді алып тастау туралы шешім қабылдады", - делінген хабарламада.