НҰР-СҰЛТАН, 4 шілде – Sputnik. Ауаны ең көп ластайтын кәсіпорындар Павлодар мен Қарағанды облыстарында шоғырланған.
Energyprom.kz ақпаратынша, 2021 жылы барлық стационарлық ластау көздерінен шығарылған зиянды қалдықтардың көлемі 34,3 млн тоннаны құраған. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 3,3%-ке аз. Соның ішінде 31,9 млн тоннасы залалсыздандырылды.
Ал ауаға шығарылған зиянды қалдықтардың көлемі былтыр 1,4%-ке азайып, 2,4 млн тонна болды.
Атмосфераны ластайтын қалдықтардың жартысынан астамы Павлодар мен Қарағанды облыстарына тиесілі: тиісінше 736,2 мың және 569,7 мың тонна.
Сондай-ақ Атырау (160,3 мың тонна), Қостанай (137,9 мың тонна), Ақтөбе (137,4 мың тонна) және Шығыс Қазақстан (128,1 мың тонна) облыстарында ауаға зиянды заттар көп шығарылады.
Атмосфераға бөлінген 2,4 млн тонна қалдықтың 2,1 млн тоннасы өнеркәсіп саласына келеді. Әсіресе, жылу және энергиямен жабдықтау, өңдеуші өнеркәсіп, тау-кен өндіру өнеркәсібі ауаны көп ластайды.
Өнеркәсіп секторынан бөлек көлік және қойма саласындағы кәсіпорындар да атмосфераға ластаушы заттарды айтарлықтай көп бөлген – 114,4 мың тонна.
Атмосфераға шығарылған газ тәрізді және сұйық ластаушы заттардың үлесі — 1,9 млн тонна. Олардың арасында күкіртті ангидрид – 835,4 мың тонна, көміртек тотығы — 473,2 мың тонна, азот тотығы — 322 мың тонна, көмірсутек — 133,2 мың тонна, аммиак — 2,8 мың тонна, күкіртсутек — 2,1 мың тонна.
Қатты зиянды қалдықтар 491,7 мың тоннаны, ал ұшатын органикалық қосылыстар 146,5 мың тоннаны құрады.