НҰР-СҰЛТАН, 4 шілде – Sputnik. 6 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласының "Қазанат" ипподромында "Нұр-Сұлтан қаласы кубогына арналған Қостанай жылқысының бәйгесі" республикалық турнирі өтеді. Бұл туралы Қазақстан Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Рахат Жақсыбай хабарлады.
Жарыс бағдарламасында Қостанай жылқысының ұшқыр (1,4 км, 2,4 км), құнан (7 км) және аламан бәйгесі (20 км) бар. Бәйгенің жалпы жүлде қоры – 9 миллион теңге.
2021 жылы Елорда күні қарсаңында ұзақ уақыт үзілістен кейін Қостанай жылқысы мен будандарының жабық бәйгесі қайта жанданды. Өткен жылдың қыркүйек айында Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың жетекшілігімен Қостанай жылқысының тұқымын сақтау және дамытуға арналған мемлекеттік жол картасы қабылданды.
Қостанай жылқысының жабық бәйгесі ретінде 2022 жылғы спорттық-бұқаралық іс-шаралар күнтізбесіне 6 республикалық турнир қосылған. Соның аясында 2022 жылы Қостанай тұқымды жылқылар мен Қостанай будандары ғана қатысатын 22 бәйге өткізу жоспарланған.
Биыл 22 мамыр және 18 маусымда Қостанай облысының Заречное кентіндегі "Арғымақ" ипподромында екі бәйге турнирі өтті. Елордада өтетін Қостанай жылқысы бәйгесі – биылғы үшінші турнир.
Сондай-ақ 6 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі қолдауымен елорда күні аясында құнан ( 9 км), кіші аламан (16 км) және аламан бәйге (21 км) өткізу жоспарланып отыр. Бұл бәйгенің жалпы жүлде қоры – 20 миллион теңге.
Айта кетері, 1889 жылы Қостанайда жылқы зауыты ашылды. Ондаған жылға созылған үздіксіз селекция нәтижесінде Қостанай жылқысы КСРО-ның ең үздік жылқы тұқымдарының қатарына қосылды.