Нүкістегі тәртіпсіздіктер салдарынан 18 адам көз жұмды – ресми мәлімет

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 4 шілде – Sputnik. 1-2 шілдеде Қарақалпақстан Республикасының астанасы Нүкіс қаласында болған тәртіпсіздіктер салдарынан 18 адам қаза тапты, деп хабарлады дүйсенбі күні Өзбекстан Бас прокуратурасының бөлім прокуроры Аброр Маматов.
Бұған дейін 243 адам зардап шегіп, 94-і ауруханада жатқаны туралы хабарланған болатын.
Сондай-ақ екі күнде 516 адам ұсталған, олардың кейбірі босатылған.
1 шілдеде Нүкіс қаласында Өзбекстан конституциясына түзетулер енгізуге қарсы жаппай шерулер өтті. Халық Қарақалпақстанды тәуелсіздік алу мүмкіндігінен айыратын өзгерісті қаламайтынын жеткізді. Оның соңы тәртіпсіздікке ұласты, полиция және қауіпсіздік күштерімен қақтығыс болып, қару қолданылған.
Ел билігі үшінші күштер араласып, өңірдегі билікті басып алуға әрекеттенгені туралы хабарлады.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев 3 шілдеден 2 тамызға дейін Қарақалпақстанда төтенше жағдай жариялап, коменданттық сағат енгізді.
Жексенбі күні Өзбекстан президенті тәртіпсіздіктер салдарынан бейбіт тұрғындар мен тәртіп сақшылары қаза тапқанын айтты. Селекторлық кеңесте Қарақалпақстандағы жағдай тұрақталғаны айтылды.
Нүкіс – Бейнеу бағытындағы пойыз уақытша тоқтатылды