Ресейдің Украинадағы арнайы әскери операциясы

БАҚ: Украинадағы жағдай НАТО-ны үш лагерьге бөлді

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 3 шілде – Sputnik. Украинадағы қақтығыс НАТО елдері арасында келіспеушілік тудырып қана қоймай, альянс мүшелерін үш лагерьге бөлді, деп хабарлайды РИА Новости Sunday Times британ газетіне сілтеме жасап.
Басылым НАТО құрамындағы үш лагерьді "сұңқарлар", "көгершіндер" және "түйеқұстар" деп атайды. "Сұңқар" елдер қатарында Донбасс пен Қырым территориясын бақылауды Украинаға қайтарып қана қоймай, сонымен бірге "Ресейге болашақта ол кез келген көрші мемлекетке қауіп төндіре алмайтындай соққы беру керек" деп есептейтін альянс мүшелері бар. Газет "сұңқарлар" қатарына жататын мемлекеттерді нақты атап көрсетпеген.
"Көгершін" елдер Ресей мен Украина арасында бейбіт келісімге қол жеткізуді көздейді. Бұл ресейлік әскерді 24 ақпанға дейінгі позицияларына қайтаруға келісетін, Қырым, Донецк пен Луганск Халық Республикаларының мәртебесін мойындаған елдер.
Sunday Times газеті ішкі мәселелерге көбірек көңіл бөлетін НАТО-ға мүше елдерді "түйеқұс" елдер қатарына жатқызған. Бұл елдер альянс құжаттарын қолдағанмен, көбіне "ең аз қарсылық білдіру жолын іздейді". Газет Еуропаның оңтүстігіндегі мемлекеттерді осы топтағы елдерінің қатарына қосты.
Газет НАТО елдері ішінде келісімнің жоқтығы НАТО әскерінің шағын контингентін Украинаның батысындағы қалаларға орналастыру сияқты идеяның сәтсіздікке ұшырауына себеп болғанын жазған.