Өңірлер

Қызылордадағы шыны зауыты алғашқы өнімін қашан шығарады

Кәсіпорын былтыр желтоқсанда салтанатты түрде іске қосылғанымен, әлі бірде бір әйнек шығарған жоқ
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 2 шілде – Sputnik. Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда индустриалды аймағындағы шыны зауыты қашан өнім шығара бастайтынын айтты.
Еске салсақ, 2021 жылы желтоқсан айында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерекесіне орай жоғары лауазымды тұлғалардың қатысуымен кәсіпорында күйдіру пеші іске қосылды. Содан кейін сынақ режимінде әйнек 2022 жылдың наурыз айында конвейерден шығады деп хабарланды. Бірақ бұл іске аспады.
"Шыны өндірісі – күрделі және көп еңбекті қажет ететін технологиялық процесс", - деп түсіндірді Қызылорда халқымен кездесуінде Нұрлыбек Нәлібаев.
"Бүгінде шетелдік мамандардың қатысуымен кәсіпорынның әрбір механизмі тестіленуде. Ол бірінші әйнекті осы жылдың қыркүйегінде шығарады. Зауыт осы жылдың соңына дейін толық қуатында жұмыс істей бастайды деп жоспарланып отыр. Бұл ретте кәсіпорында 200-ге жуық жергілікті тұрғын жұмыспен қамтамасыз етіледі", – деді әкім.
Қызылордада қуаттылығы тәулігіне 600 тонна өнімді құрайтын шыны зауытын салу жобасы республикалық индустрияландыру картасы аясында жүзеге асырылуда. Оның тапсырыс берушісі және операторы - "Orda Glass ltd" ЖШС. Серіктестік 2015 жылдың ақпан айында арнайы шыны жобасы үшін құрылған.
Кәсіпорынның құны – шамамен 150 млн доллар. Бастапқыда зауыт ARP company ЖШС, "Қазақстанның инвестициялық қоры" АҚ және Stewart Engineers (АҚШ) компаниясы акционерлерінің қатысуымен салынды. Бірақ пара алғаны үшін ұсталған (оның ішінде Қызылордадағы шыны зауытының құрылысы кезінде "Шымкентхиммонтаж" ЖШС қамқорлығы үшін 2 млн доллар) бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың тұтқындалуынан кейін құрылыс алдымен мердігерлердің ауысуына, содан кейін жобаға қатысушылардың бірінің шығуына байланысты баяулады.
Америкалық қатысушылар да жобадан шықты. Ал қазір құрылысты China National Building Materials Қытай Ұлттық құрылыс материалдары корпорациясының еншілес компаниясы – қытайлық China Triumph International аяқтап жатыр. Корпорация кәсіпорынды 2020 жылдың соңында іске қосуды жоспарлаған, бірақ пандемияға байланысты жоспар бұзылды. Кәсіпорын тек 2021 жылдың желтоқсанында аяқталды.
Өңірлер
Қызылордадағы шыны зауыты жыл соңына дейін іске қосылады