НҰР-СҰЛТАН, 2 шілде – Sputnik. ҰҚК Шекара қызметі Қазақстан-Өзбекстан шекарасындағы өткізу пункттерінің жұмысы уақытша тоқтатылғанын хабарлады.
"Өзбек әріптестерімізден келіп түскен ақпаратқа сәйкес, ақпараттық жүйенің істен шығуына байланысты 2022 жылдың 1 шілдесінен бастап Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы "Дәуіт ата" – "Тәжен" (автомобильдік) өткізу пунктінде адамдарды, көлік құралдары мен жүкті өткізу уақытша тоқтатылды. Осы ақпарат бойынша "Қаракалпақия" – "Бейнеу" бағытында теміржол қатынасын уақытша тоқтату жоспарланып отыр", - делінген хабарламада.
Осыған байланысты Шекара қызметі аталған өткізу пункттері арқылы мемлекеттік шекарадан өтетін азаматтар өз маршруттарын алдын ала жоспарлауды сұрайды.
Өзбек тарапы өткізу пункттерінің жұмысын қайта бастағаны туралы қосымша хабарланады.